Креативті индустрия өкілдері үшін арнайы салықтық жеңілдіктер енгізілген. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық құрылтайдың «Мәдениет. Өнер. Руханият» жұмыс секциясының жиынында хабарлады.
Министрдің айтуынша, креативті индустрия қызметінің 40 түрі енді бөлшек салықтың арнайы салық режимі бойынша жұмыс істей алады.
«Креативті бизнес жеке табыс, қосылған құн және корпоротивтік табыс салықтарынан босатылады. Жеке кәсіпкер үшін 2-ден 4%-ға дейін, ЖШС үшін 8%-ға дейін бірыңғай салық төлейтін болады. Ал, мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдама шеңберінде жас кәсіпкерлерге жылдық 2,5% жеңілдікпен несие беру енгізіліп отыр. Осы кезге дейін 26 млрд теңгенің 5,5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. Жұмыс орындарына 467 мың жас орналастырылды», — деді Аида Балаева.
Оның дерегіне сүйенсек, «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға NEET санатындағы жастар ұғымын бекіту бөлігінде өзгерістер енгізілген.
«Бұл жастарды жұмысқа орналастыру, білім беру, біліктілігін арттыру бойынша жүйелі және атаулы жұмысты жүргізуге мүмкіндік береді. Қазір жастар саясаты саласындағы индикаторларды күшейту тетігі пысықталып жатыр», — деді министр.
Еске сала кетелік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Ұлттық құрылтай ел дамуының бағытын айқындайтын бірегей платформаға айналғаны туралы пікір білдірген болатын.