Жетісу облысында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны басталды. Ұлттық жоба 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдерінде екі лигада өткізіледі.
Марафонға жасына және қызмет саласына қарамастан кез келген азамат қатыса алады. Қатысушыларды тіркеу 27 қыркүйекке дейін жалғасады.
Жоба аясында «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әулет», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер» атты 7 бағыт қарастырылған.
Қатысушылар арнайы іріктелген 330 кітаптың ішінен 15 кітап оқуы тиіс. Тізімге қазақ және орыс тілдеріндегі отандық шығармалар, әлем классикасы және заманауи әдеби туындылар енгізілген.
Марафонның негізгі кезеңі алты айға созылады. Қатысушылар оқыған шығармалары бойынша пікірлерін арнайы жүйеге жүктеп, оқу барысын жеке кабинеті арқылы бақылай алады. Белсенділікті бағалау үшін балдық жүйе енгізілген.
2027 жылғы наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өткізіледі. Республикалық кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қаржылай сыйлықтар, ал финалистерге дипломдар мен электронды сертификаттар табысталады.
Жетісу облысында марафонды үйлестіру үшін өңірлік жобалық офис құрылды. Марафон туралы ақпаратты әлеуметтік желілердегі @kitapoqityn_zhetisu ресми парақшаларынан және reading-nation.kz сайтынан алуға болады.