Жетісу облысында халықты әлеуметтік қолдау жұмыстары жалғасуда. 2026 жылдың сегіз айында өңір тұрғындарына 30,4 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетіліп, мүгедектігі бар азаматтарды оңалту көрсеткіштері де жақсарған.
Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің мәліметінше, өңірде әлеуметтік төлемдер алушылардың саны 282 мыңнан асады. Оларға ай сайын жалпы сомасы 20,4 млрд теңгеден астам қаражат бағытталады.
Бүгінде әлеуметтік төлем алушылардың қатарында 98,2 мың жасына байланысты зейнеткер бар. Сонымен бірге 22,2 мың көпбалалы отбасы мемлекеттік қолдаумен қамтылған. Оларға ай сайын 1,7 млрд теңгеден астам қаражат төленеді.
Мүгедектігі бойынша жәрдемақыны 18,8 мың адам, ал асыраушысынан айырылуына байланысты төлемдерді 7,7 мың тұрғын алады.
Жыл басынан бері облыста 30,4 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның шамамен 25 мыңы әлеуметтік төлемдерді тағайындауға қатысты болса, 5,4 мыңы медициналық-әлеуметтік сараптама бойынша көрсетілген.
Өңірде мүгедектігі бар 25,8 мың адам тұрады. Олардың 3,5 мыңы — балалар. Есепті кезеңде 1 175 азаматқа алғаш рет мүгедектік белгіленді.
Оңалту бағытында да оң өзгерістер байқалады. Толық оңалтудан өткен азаматтардың үлесі 8,8%-ға, ал ішінара оңалту көрсеткіші 20,9%-ға жетті. Сонымен қатар мүгедектіктің ауырлау көрсеткіші 6%-ға дейін төмендеді.
Мамандардың мәліметінше, ересектер арасында мүгедектікке әкелетін негізгі себептер — қан айналымы жүйесінің аурулары мен ісік аурулары. Ал балалар арасында психикалық ауытқулар мен туа біткен даму кемістіктері басым.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *