2025-2026 оқу жылында облыс мектептерінде 131 мыңнан астам оқушы білім алады деп күтілуде. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 мыңға артық. Оның ішінде 1-сыныпқа 13 мыңнан аса бала барады, Ал, колледждерге 4 мыңнан астам студент қабылдау жоспарланған. Бұл туралы Жетісу облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов БАҚ өкілдерімен кездесуде мәлімдеді.
Білім беру инфрақұрылымын жаңғырту аясында 8 нысанға 8,6 млрд теңгеге күрделі жөндеу жүргізілуде. Алты нысан 30 тамызға дейін, екі нысан 2025 жылдың соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар, 7 жаңа мектептің құрылысы жүріп жатыр, оның бірі – «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында.
Жыл соңына дейін Алакөл ауданы, Достық ауылындағы «Келешек мектебі» және оның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы, Панфилов ауданы, Лесновка ауылындағы мектеп, Ақсу ауданы, Көлтабан ауылындағы және шағын орталығы бар жаңа мектеп пайдалануға берілмек.
Кербұлақ ауданындағы 60 орындық мектеп және 2026 жылға өтпелі үш жоба да жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Материалдық-техникалық базаны нығайтуға да қаражат бөлінген. Жыл соңына дейін 58 мектептің спорт залдары мен асханалары жаңартылып, 70 пән кабинеті алынады.
Қазіргі уақытта жылыту маусымына дайындық жүргізілуде, білім беру мекемелеріне қажетті отынның бір бөлігі жеткізілді.
Әлеуметтік қолдау шаралары аясында 25 мыңнан астам оқушыға мектеп формасы мен кеңсе тауарларын алуға 1,1 млрд теңге бөлініп, ата-аналар есепшотына толық аударылды.
Облыстағы мектептердің басым бөлігінде оқушылар ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ шалғай ауылдардағы балаларды тасымалдау үшін биыл жаңа көліктер алынған.
Сонымен қатар, 2025 жылдың 14 наурызында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміздің барлық білім беру ұйымдарына «Адал азамат» атты бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілді.
Бағдарлама 6 негізгі құндылыққа негізделген: «Тәуелсіздік және отаншылдық», «Бірлік және ынтымақ», «Әділдік және жауапкершілік», «Заң және тәртіп», «Еңбекқорлық және кәсіби біліктілік», «Жасампаздық және жаңашылдық». Оларды оқушылардың бойына сіңіру оқу пәндері, сынып сағаттары және сыныптан тыс іс-шаралар арқылы жүзеге асады.
Жетісу облысында бағдарламаны тиімді іске асыру үшін бірқатар дайындық жұмыстары жүргізілді. Жеке меншік мектептердің 250 педагогі арнайы семинарға қатысып, мемлекеттік органдар өкілдерімен дөңгелек үстелде бағдарламаның мазмұны талқыланды. Тамыз кеңесінің секциялық отырыстарында 60 өңірлік тренер оқытылып, олар өз кезегінде әріптестеріне бағдарламаны түсіндіреді.
2025-2026 оқу жылына арналған бірыңғай тәрбие жоспары бекітіліп, оған мемлекеттік органдармен бірлескен іс-шаралар, алдын алу жұмыстары, ата-аналармен ынтымақтастық және қауіпсіздік сабақтары енгізілді. Сонымен қатар, «Қамқор», «Еңбегі адал – жас өрен», «Шабыт», «Ұшқыр ой алаңы», «Smart bala» жобалары аясында оқушылардың негізгі құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі.
Мамандардың пікірінше, «Адал азамат» бағдарламасы жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік, адалдық, еңбекқорлық пен заңға құрмет сезімін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды қадам болмақ.
