Бүгінде Жетісу облысының орталығында сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қолға алынған жоба аясында тартылып жатқан 89 шақырымдық су жүйесі 2026 жылы толық аяқталмақ.
Жауаптылардың сөзінше, қазіргі уақытта Талдықорған қаласы бойынша 600 шақырымнан асатын су құбыры бар. Жыл сайынғы қала аумағының кеңейуіне байланысты сумен жабдықтау жұмыстары тоқтаусыз жалғасуда. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес іске асып жатқан бұл жоба өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Биылғы жылы, қала аумағындағы кәріз жүйесін жаңалап, таза ауыз сумен жабдықтау жобасы аясында 90 шақырымға жуық су жүйесі ретке келтірілмек. Бұл жұмыстар келер жылы аяқталады деп жоспарланған.
– Бүгінде облыс орталығында су жүйелерін ретке келтіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның нәтижесінде аймақ тұрғындарын таза сумен қамту көрсеткіші 98 пайызға жетіп отыр. Биыл қаладағы Дайыров, Құрманов, Шевченко, Шахворостов көшелері мен қатар Еркін ауылындағы Сарыбұлақ, Полевая, Бұлақты, Мерекенов, Берліқожанов көшелеріне ауыз су жүйесін тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданында 1 шақырым болатын 4 көшеге кәріз жүйесін тарту жұмыстары да жалғасуда,– дейді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Олжас Құрмашев.
Сала мамандарының айтуынша, өткен жылы Қаратал саяжайында 17,7 шақырым, Қызылтас саяжайында 24 шақырым болатын ауыз су желісі тартылып, саяжай халқы таза ауыз сумен толық қамтылған. Сондай-ақ, қала бойынша сыртқы сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары да жүргізілуде.