Текелі қаласында «Текеліде жергілікті өндірістің дамуы: отандық брендтер және табиғи өнімдер» тақырыбында баспасөз туры ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – жергілікті кәсіпкерлердің өндірістік қызметімен таныстыру, табиғи шикізат негізінде өнім өндіретін отандық брендтердің әлеуетін көрсету, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуын, жергілікті өнімдердің ерекшеліктерін бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихаттау.
Пресс-тур аясында қатысушылар «Жасыл Жетісу» және «ASYL LIKE» отандық брендтерінің өндіріс орындарын аралап, табиғи өнімдерді әзірлеу технологиясымен танысты.
Алғашқы болып таныстырылған «Жасыл Жетісу» бренді Жетісу өңірінде өсетін дәрілік және хош иісті өсімдіктер негізінде табиғи косметика мен фитөнімдер өндіруге маманданған. Кәсіпорында гидролаттар, табиғи сабындар, сусабындар, өсімдік майлары, кремдер және тері мен шаш күтіміне арналған басқа да өнімдер шығарылады. Қатысушыларға жергілікті өсімдіктерді өңдеу, шикізатты дайын өнімге айналдыру кезеңдері көрсетіліп, экологиялық өнім өндірудің ерекшеліктері түсіндірілді.
Сондай-ақ, баспасөз турына қатысушылар «ASYL LIKE» брендімен шығарылатын табиғи күтім өнімдерінің өндірісін көрді. Кәсіпорын тері, шаш және дене күтіміне арналған өнімдерді табиғи ингредиенттер мен өсімдік майлары негізінде әзірлейді. Өндіріс барысында сусабындар, шөп майлары, буынға арналған жақпа майлар және минералды ванна өнімдері дайындалады. Мамандар өнім құрамында қолданылатын өсімдік сығындылары, табиғи майлар мен минералдардың ерекшеліктері, сондай-ақ өндіріс технологиясы туралы ақпарат берді.
Кездесу барысында кәсіпкерлер отандық брендтерді қалыптастыру, өнім түрлерін кеңейту, жергілікті шикізатты тиімді пайдалану және қазақстандық өнімдерді нарыққа шығару тәжірибелерімен бөлісті.
Пресс-тур жергілікті өндіріс орындарының мүмкіндіктерін кеңінен танытуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және өңірде өндірілетін отандық өнімдердің танымалдығын арттыруға бағытталды.