Текелі қаласында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында «My Battle» командалық зияткерлік ойыны ұйымдастырылды.

Іс-шара Текелі қаласының прокуратурасы мен үкіметтік емес ұйымдардың бірлесуімен өткізілді. Оған Жетісу облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері және Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері қатысты.

Зияткерлік ойын оқушылардың білімін шыңдап, командалық жұмыс дағдыларын дамытуға ғана емес, өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін арттыруға, жеке жауапкершілігін қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері оқушылармен профилактикалық әңгіме жүргізіп, есірткінің зияны, оны тұтыну мен таратудың қауіпті салдары, сондай-ақ есірткіге қатысты құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік туралы түсіндірді. Әсіресе, кәмелетке толмағандардың есірткінің заңсыз айналымына тартылуының алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды.

Іс-шараға 200-ге жуық адам қатысып, құқықтық қауіпсіздік пен есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу бағытындағы білімдерін толықтыруға мүмкіндік алды.

Мұндай кездесулер жастардың есірткіге қарсы берік ұстанымын қалыптастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және заңға деген құрметін нығайтуға ықпал етеді.

Заңға бағынатын, жауапкершілігі жоғары ұрпақ тәрбиелеу – «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында полиция жүргізетін профилактикалық жұмыстың негізгі бағыттарының бірі.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *