Пневмония – өкпе тінінің немесе ауа қапшықтарының (альвеолалардың) инфекция салдарынан қабынуы, ауруды бактериялар, вирустар, саңырауқұлақтар да тудырады.
Пневмонияның кең тараған қоздырғыштары: пневмококк, стафилококк, гемофилдік таяқша, сондай-ақ тұмау және басқа да вирустар.
Оның ішінде бастысы – пневмококк, себебі Пневмониялардың шамамен 30%-н S. Pneumoniae тудырады.
Пневмококк инфекциясы – «Streptococcus pneumoniae» бактериясы тудыратын негізінен, балаларға әсер ететін жұқпалы аурулар тобы. Бала неғұрлым жас болса, ауру соғұрлым қауіпті болады. Пневмококк синусит, отит, бронхит, пневмония, эндокардит, артрит, сепсис және басқа да қауіпті ауруларды тудыруы мүмкін.
Инфекция көзі – науқас адам немесе бактерия тасымалдаушы. Әрбір төртінші адам Streptococcus pneumoniae бактериясының тасымалдаушысы.
Инфекцияның негізгі берілу жолы – ауа-тамшылы. Инфекция түшкіру, жөтелу, сөйлесу кезінде жұғады.
Ауру жиі 5 жасқа дейінгі балалар, 60 жастан асқан ересектер арасында кездеседі.
Инкубациялық (инфекция жұққаннан бастап аурудың алғашқы белгілері пайда болғанға дейінгі) кезең — 1-3 күн.
Жалпы клиникалық көріністерінде келесі белгілерді ажыратуға болады:
- тұрақсыз температура;
- денедегі бөртпе;
- неврологиялық бұзылулар;
- бас ауруы;
- тыныс алудың қиындауы;
- қалтырау, қызба;
- ентігу;
- жарықтан қорқу.
Аурудың барлық түрлері (пневмония, синусит, отит, бронхит, эндокардит, артрит, сепсис), әсіресе балаларда, ауруханаға жатқызуды қажет етеді, бұл шара өлімге әкелетін асқынулардың дамуын болдырмау үшін қажет.
Пневмококкты инфекциядан кейін қысқа мерзімді иммунитет пайда болады, сондықтан кейін науқас қайталап ауыра береді.
Арнайы тұрақты иммунитет қалыптастыру үшін екпе қажет. Вакцинация – ең тиімді алдын алу шарасы.
Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес пневмококк инфекциясына қарсы 2, 4, 12-15 айлық балалар егіледі. Елімізде егу кезең-кезеңімен 2010 жылдан бастап жүргізіле басталды, 2015 жылы біздің облысымызда енгізілді. Ирландиялық Пфайзер компаниясы өндерген вакцина «Превенар13» қолданылады. Нұсқаулығына сәйкес вакцина «Streptococcus pneumoniae»-мен шақырылатын ауруларға қарсы 6 апталық баладан кез келген жастағы ересектерге жасалады. Вакцинация балаларға кесте бойынша, ересектерге тек 1 рет жасалады.
Арнайы емес алдын алу:
- науқастарды оқшаулау;
- иммунитетті нығайту;
- дәрумендер қабылдау;
- ЖРА уақтылы емдеу;
- спортпен шұғылдану;
- шынығу.
Индира КҮНБАСОВА,
Жетісу облысы СЭБД басшысының орынбасары.