Жетісу облысының Қаратал ауданында ауыл шаруашылығын дамытуға, инфрақұрылымды жаңартуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.
2026 жылы аудандағы жалпы егіс алқабы 22 111 гектарды құрады. Аграрлық сектордың материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында 27 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ шаруа қожалықтары көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарына қажетті дизель отынын жеткізу бойынша келісімшарттар жасасты.
Үштөбе қаласында жалпы ұзындығы шамамен 30 шақырымды құрайтын 20 көшеге толықтай асфальт төселді. Сонымен қатар ұзындығы 2,48 шақырым болатын тағы үш көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында биыл сатып алу жоспарланған 100 жеке тұрғын үйдің 81-і сатып алынды. Сонымен қатар 40 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жалғасуда. Ал Үштөбе қаласында жаңа 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.
Ауыз сумен қамту жүйелерін жақсарту жұмыстары да жалғасуда. Кішітөбе ауылында жөндеу жұмыстары аяқталса, Қарақұм ауылында құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Үштөбе қаласындағы Әйтеке би көшесінде демеушілік қаражат есебінен 520 метр су құбыры тартылды. Бұдан бөлек, аудандағы 15 елді мекен табиғи газға қосылған.
Мәдениет саласында Кәлпе ауылында кітапхана, Ортатөбе ауылында мәдениет үйі салынды. Жылыбұлақ ауылындағы мәдениет үйінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ Үштөбе қаласында «Өнер мектебі» ғимаратының құрылысы басталды.
Білім беру саласында ауданның төрт мектебінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Үштөбе қаласында 600 орындық №51 Морозов атындағы мектеп-гимназияның жаңа ғимаратын салуға 6 млрд 484,7 млн теңге бөлінді.
Денсаулық сақтау саласында Кәлпе ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілуде. Сондай-ақ Қарашеңгел, Айту би және Жылыбұлақ ауылдарында медициналық нысандар салынып, пайдалануға берілді.
Аталған жобалар Қаратал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуге, инфрақұрылымды жаңғыртуға және тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.