2025 жылдың қаңтар-маусым айларында Жетісу облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті 48 аудит объектісін онлайн бюджет мониторингімен қамтып, тәуекелді төлемдерге қатысты 918 хабарлама жолдады. Заманауи цифрлық бақылау тетігі бюджет қаржысының мақсатты жұмсалуын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік берді.
Мониторинг қорытындысы бойынша 806 төлемде, жалпы сомасы 345,8 млн теңгені құрайтын бюджет қаражатында бұзушылықтар расталған жоқ. Ал 68 төлем бойынша жалпы көлемі 105,2 млн теңгенің заңбұзушылықтары анықталды. Оның ішінде 8,65 млн теңге бюджетке қайтарылды, 96,55 млн теңге бойынша кінәлі тұлғалар сотталып, жазасын өтеуде, ал 23,95 млн теңгенің қайтару мерзімі әлі келген жоқ.
Департамент өкілдерінің айтуынша, онлайн бюджет мониторингі — сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге, қаржы тәртібін нығайтуға және бюджеттік процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған тиімді құрал. Бұл әдіс мемлекеттік аудитті тексеру кезеңінен бұрын, алдын алу және жедел ден қою тетігі ретінде қолданылады.
Биылғы бірінші жартыжылдықтағы нәтижелер көрсеткендей, цифрлық қадағалау әдістері аудит тиімділігін арттырып, қаржы бұзушылықтарының алдын алу бойынша нақты нәтиже беруде. Департамент бұл бағыттағы жұмыстарды жыл соңына дейін қарқынды жалғастырып, тәуекелді төлемдерді дер кезінде анықтау және жою шараларын күшейтуді жоспарлап отыр.