2023 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Жетісу облыстық Психологиялық қолдау орталығы білім беру процесіне қатысушылардың психологиялық әл-ауқатын нығайтуға бағытталған бірыңғай жүйені қалыптастыруда. Орталық ұйымдастырушылық, әдістемелік, консультациялық, мобильді көмек, біліктілікті арттыру және ведомствоаралық өзара іс-қимыл бағыттарында жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға 36 өтініш бойынша көмек көрсетілді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасарының тапсырмасымен Оқу-ағарту министрлігі жанынан жобалық кеңсе құрылып, суицидтің алдын алу шаралары жүргізілуде. 10 мектеп «Оқушыларды қолдау жүйесі» порталында жұмыс істеп жатыр.
Жазғы демалыс кезінде оқушылардың уақытын қауіпсіз әрі пайдалы өткізу мақсатында «Offline каникул – 2025» жобасы шеңберінде облыста түрлі лагерлерде арт-терапия және топтық жаттығулар өткізілуде. Сонымен қатар, 5–11 сынып оқушылары мен ата-аналарына бетпе-бет кеңес және психокоррекциялық көмек көрсетіледі.
Болашақта орталық педагог-психологтарға арналған біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жетісу облысында кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсау және жыныстық қол сұғылмаушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыс күшейтілді. Биыл облыс аумағында кәмелетке толмағандардың суицид жасаудың 5 дерегі және жасауға ұмтылудың 1 дерегі тіркелген. Ол жағдайлар Панфилов, Кербұлақ, Ескелді аудандарында бір-бірден, Талдықорғанда екі дерек, ал ұмтылу Алакөл ауданында анықталған.
Тергеп-тексеру барысында жасөспірімдерді мұндай қадамға итермелейтін себептердің негізгісі — отбасындағы келіспеушілік, махаббат сезіміне берілу және ҰБТ тапсыруға деген сенімсіздік екені белгілі болды. Өз-өзіне қол жұмсағандардың төртеуі ұл бала, екеуі қыз бала, жасы негізінен 16-17 жас аралығында.
Алдын алу шаралары шеңберінде жаңа оқу жылы қарсаңында облыстың барлық өңірлерінде Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы ата-аналармен кездесулер өткізуде. Қазірдің өзінде 30 елді мекенде жиналыстар ұйымдастырылып, педагог-психологтар ата-аналарға балалар мінез-құлқындағы өзгерістерге назар аудару, денесіндегі жарақаттарды бақылау, сынып жетекшілерімен тығыз байланыста болу сияқты маңызды кеңестер беруде.
Сонымен қатар, республика көлемінде «Красный дельфин», «Schoolboy Runaway» секілді суицидке итермелейтін қауіпті ойындардың алдын алу мақсатында мектеп әкімшіліктері, менторлар және психологтар бірлесіп ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Облыстық психологиялық қолдау орталығы мамандарымен де бірлескен шаралар жалғасуда. Ақсу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары мен Талдықорған және Текелі қалаларындағы 318 мектепте оқушылар арасында «Суицид» тақырыбында онлайн сауалнамалар өткізілді.
