Screenshot

Қазақстан eGov.kz порталының жаңа моделіне көшеді. Бұл туралы мәліметті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі ұсынды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.

Бұған дейін бірқатар БАҚ-та Қазақстан eGov-тан толық бас тартып, оның орнына QazTech атты жаңа платформа енгізілетіні туралы ақпарат тараған еді. Алайда, министр Жаслан Мәдиев бұл мәліметті ресми түрде жоққа шығарды.

«eGov.kz – негізгі құрал болып қала береді»

Министрліктің Tengrinews.kz-ке берген ресми жауабына сәйкес, eGov.kz порталы жабылмайды және одан бас тарту жоспарда жоқ. Керісінше, ол мемлекеттік қызметтерді азаматтар мен бизнеске ұсынуда басты арна ретінде сақталады.

«Электрон үкімет порталы eGov.kz азаматтар мен бизнес үшін мемлекеттік қызметтерді алудың негізгі құралы болып қала береді. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы электрон форматта қолжетімді және бұл жүйеде eGov.kz маңызды рөл атқарады,» – делінген ведомство жауабында.

QazTech – жаңа технологиялық негіз

Министрлік мәліметінше, электрон үкімет инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Осы жұмыстың аясында QazTech деп аталатын жаңа технологиялық платформа енгізілуде. Ол жаңартылған eGov 3.0 жүйесінің негізі болады.

«QazTech платформасын құру және eGov 3.0-ді енгізу – Қазақстанның заманауи технологияларға көшуіне, мемлекеттік қызметтердің жылдамдығын арттыруға, кибершабуылдарға төтеп беруге және жаңа цифрлық қызметтерді жедел іске қосуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті министрлік өкілдері.

eGov 3.0-ге қашан көшеміз?

Қазір eGov порталының жаңа нұсқасы әзірленіп жатыр. Министрлік мәліметінше, жаңартылған компоненттерді енгізу 2025 жылы басталады. Олар біртіндеп қолданыстағы жүйеге біріктіріледі. 2026 жылдың ішінде толық көшу аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, ведомство қазақстандықтар бұрынғы порталды қолдануды жалғастыра беретінін айтты. Жаңа жүйеге көшу кезінде пайдаланушылар тек порталдың жақсарған дизайнын, қызмет көрсету жылдамдығын және тұрақтылығын сезіне бастайды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *