Жетісу облысында санитариялық-эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Мамандар апта сайын 102 нозология бойынша мониторинг жүргізіп, жұқпалы аурулардың өршуіне жол бермеу мақсатында тиісті шаралар қабылдауда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша 34 нозология бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуі тіркелді, ал өңірде қауіпті және карантиндік инфекция анықталған жоқ. Жүргізіліп жатқан профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралар оң нәтиже беруде.
2025-2026 жылдардағы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ мен тұмаудың маусымдық өсуі байқалады. Аталған жағдай эпидемиялық сипатқа ие емес және толық бақылауда. Сырқаттанғандардың басым бөлігі — балалар. Тұмауға қарсы вакцинация жүргізіліп, медициналық ұйымдар күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Қызылша бойынша сырқаттанушылық өткен жылмен салыстырғанда шамамен 18 есеге төмендеді. Тіркелген жағдайлардың негізгі себебі — екпенің болмауы. Өңірде қосымша иммундау және науқастармен байланыста болған адамдарға медициналық бақылау жүргізу жалғасуда.