Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы күні Панфилов ауданы, Атамекен ауылындағы №273 сайлау учаскесінде «Алтынкөл» шекаралық теміржол станциясының және «Eurotransit Terminal» ЖШС-нің еңбек ұжымы өз таңдауын жасауда.
Дауыс беруге кәсіпорынның 50-ге жуық қызметкері ұйымдасқан түрде бірге келіп, саяси науқанға белсене қатысуда.
«Eurotransit Terminal» – еліміздің Қазақстан-Қытай шекарасындағы көлік-логистикалық инфрақұрылымының стратегиялық нысаны.
2016 жылы іске қосылған, 15,74 гектар аумақты алып жатқан заманауи терминал жылына 375 мың ЖФЭ контейнер өңдей алады.
Елдің транзиттік әлеуетін дамытып жүрген теміржолшылар мен логистика мамандары мемлекет болашағы үшін маңызды сәтте ауызбіршілік пен жоғары жауапкершілік танытуда.