Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауы күні Жетісу облысы, Қаратал ауданы Байшегір ауылдық округіне қарасты Алмалы ауылында орналасқан №155 сайлау учаскесіне таң сәріден Абай көшесі бойымен тұрғындар ағылып келіп, өз таңдауын жасады.
Ауылдың ақсақалдар алқасы бастап келген 150-ге жуық тұрғын бір мезетте дауыс беріп, ауызбіршілік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Шалғайдағы ауыл азаматтарының маңызды саяси науқанға белсенді қатысуы — туған жердің болашағы мен ел дамуына деген шынайы жанашырлық пен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
«Ауылымыздың берекесі мен бірлігі — бәрімізге ортақ құндылық. Бүгін ақсақалдар мен ауылдастар болып бірлесе келіп, өңіріміздің орнықты дамуы мен жарқын болашағы үшін өз дауысымызды бердік», — дейді Алмалы ауылының тұрғыны Түгелбай Аринов.