Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігі қарастырылуы мүмкін. Бұл мәселені Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында көтерді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.

Депутат премьер-министр Олжас Бектеновке жолдаған сауалында энергетикалық сусындардың айналымын бақылауды күшейту, олардың денсаулыққа әсерін ғылыми тұрғыдан зерттеу және қолданыстағы шектеулердің тиімділігін бағалау қажеттігін айтты.

Оның пікірінше, энергетиктерді жұмысқа қабілеттілік пен дене белсенділігін арттыратын өнім ретінде жарнамалау тұтынушыларды жаңылыстыруы мүмкін. Өйткені сусындардың құрамындағы кофеин мен өзге де ынталандырушы заттардың ағзаға әсері, әсіресе тұрақты тұтынған жағдайда, жеткілікті ескеріле бермейді.

«Энергетиктерге кәдімгі жеміс шырыны немесе компот сияқты қарауға болмайды», – деді депутат.

Насибулов Еуропалық азық-түлік қауіпсіздігі агенттігінің мәліметтеріне сүйеніп, тәулігіне 100 миллиграмм кофеиннің өзі ұйқының бұзылуына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Энергетик тұтынудың салдары

Депутат депутаттық сауалында энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынудың салдарынан болған бірнеше жағдайды мысалға келтірді.

Былтыр маусымда Павлодарда 20 жастағы жігіт ауыр жүрек жеткіліксіздігімен жансақтау бөліміне түскен. БАҚ мәліметінше, ол екі жыл бойы күн сайын төрт құтыға дейін энергетик ішкен. Дәрігерлер оған токсикалық кардиомиопатия диагнозын қойған.

Ал желтоқсан айында Алматыда 34 жастағы науқасқа жүрек трансплантациясы жасалған. Жарияланған деректер бойынша, ер адам күніне 8–10 құты энергетикалық сусын тұтынған.

Сондай-ақ депутат түркиялық дәрігерлердің ғылыми жарияланымын келтірді. Онда энергетикалық сусын ішкеннен кейін 14 жастағы баланың жүрегіне ауыр зақым келген жағдай сипатталған.

Қолданыстағы шектеулер тұтынуды азайтты ма?

Қазақстанда 2025 жылғы қаңтардан бастап 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынған. Ал 2026 жылғы қаңтардан бастап бұл өнімдерге акциз енгізілді.

Алайда депутат келтірген Энергетикалық сусындар өндірушілері мен импорттаушылары қауымдастығының деректері бойынша, нарықтағы сату көлемі өсіп келеді. 2023 жылы 215 миллион литр энергетик сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жеткен. Екі жыл ішінде өсім 65 пайызды құраған.

Statista сарапшыларының бағалауынша, 2025 жылы Қазақстандағы энергетикалық сусындар нарығының ақшалай көлемі 93 миллион долларға жеткен.

«2026 жылдың қорытындысы бойынша да саладағы сату көлемі тек өсетініне сенімдімін», – деді депутат.

Депутат қандай шараларды ұсынды?

Мақсұт Насибулов Үкіметтен 21 жасқа толмағандарға энергетик сатуға тыйым салу нормасының орындалуы жөнінде нақты мәлімет беруді сұрады. Атап айтқанда, жүргізілген тексерулер, анықталған заңбұзушылықтар, интернет арқылы сатылатын өнімдерге бақылау мәселелері назарға алынуы тиіс.Сонымен қатар депутат энергетикалық сусындардың адам денсаулығына әсерін жан-жақты зерттеуді, олардың құрамындағы кофеин мен басқа ынталандырушы компоненттердің мөлшерін тексеруді, қаптамадағы ескертулердің жеткіліктілігін бағалауды ұсынды. Жарнамаға, әсіресе бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі насихатқа қатысты шектеулерді күшейту қажеттігін де атап өтті.

Бұдан бөлек, энергетиктер нарығын реттеудің халықаралық тәжірибесін зерделеп, жаңа заңнамалық шаралар әзірлеу мәселесін көтерді. Оның ішінде Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, импорттауға және сатуға толық тыйым салу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Еске салайық, энергетикалық сусындарды 21 жасқа толмағандарға сатуға тыйым салу мәселесі 2024 жылғы наурызда көтерілген. Кейін Мәжіліс депутаттары тиісті түзетулерді екінші оқылымда қабылдап, шілде айында заңға Президент қол қойған. Қолданыстағы шектеулер 2025 жылғы қаңтардан бастап күшіне енді.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *