Жетісу облысында тұмау және ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда. Биылғы эпидемиологиялық маусымда Қазақстан аумағында тек маусымдық тұмау вирустары тіркеліп отыр, жаңа немесе аса қауіпті штаммдар анықталған жоқ.
Халық арасында «Гонконг тұмауы» деп аталып жүрген А типті вирусы жаңалық емес. Ол 1968 жылдан бері айналымда жүрген маусымдық штамм. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, биыл тұмаудың үш негізгі түрі жиі кездеседі: A(H1N1), A(H3N2) және В. Бұл үш компонент те қолданыстағы Гриппол+ вакцинасының құрамына енгізілген, сондықтан екпе аурудың ауыр ағымынан сенімді қорғаныс береді.
Эпидмаусым басталғалы облыста ЖРВИ-дің 45 мыңнан астам жағдайы тіркелді, оның ішінде 67%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Алдын алу шараларының басты бағыты – халықты вакцинациялау. Биыл тұмауға қарсы 82 000 тұрғын егілді. Вакцинация ең алдымен созылмалы аурулары бар адамдарға, жүкті әйелдерге, жиі ауыратын балаларға, медициналық қызметкерлер мен жабық мекемелердің контингентіне жүргізілді.
Тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде 29 мобильді бригада, 25 сүзгі кабинеті және 48 кеңес беру желісі жұмыс істейді.
Жедел көмек көрсету үшін 69 жедел медициналық жәрдем бригадасы жұмылдырылған. Инфекциялық стационарларда 421 төсек дайындалған, қосымша 196 төсек резервте тұр. Бүгінде ЖРВИ бойынша ауыр халде жатқан пациенттер жоқ.
Өңірде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да қарқынды жүргізіліп келеді: тұрғындарға 15 мыңнан астам парақша таратылып, 1,5 мыңнан астам адамды қамтыған семинарлар мен кездесулер өткізілді. Медициналық ұйымдардың ресми ақпараттық ресурстарында тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу, вакцинацияның маңызы және ауру белгілері кезінде әрекет ету бойынша материалдар жүйелі жарияланып отыр.
Жалпы алғанда, Жетісу облысында тұмау және ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Алдын алу және вакцинация шаралары толық көлемде жүргізілуде.