Омыртқа – қаңқаның негізі және адам ағзасында екі маңызды қызметті атқарады. Бірінші – тірек-қимыл, екіншісі – қорғаныс функциясы. Омыртқа жұлынды механикалық зақымданудан сақтайды.

Сколиоз туралы не білеміз? Сколиоз – бұл омыртқаның қисаюы. Сколиоз кезінде омыртқа сызығы оңға, солға (с-тәрізді сколиоз) немесе екі жаққа (S-тәрізді сколиоз) ауытқиды.

Сколиоз туа біткен және жүре пайда болған түрлеріне бөлінеді. Жүре пайда болған сколиоздың себебі: омыртқа бойында орналасқан бұлшықеттердің әлсіз болуы, сүйек және бұлшықет жүйесінің дұрыс дамымауы, қозғалыстың аздығы және қозғалыссыз өмір салты, ауыр рюкзак пен сөмкені үнемі бір иықта асып жүру, үстел басында (партада) ұзақ уақыт қисайып отыру әдеті, оқушыларды олардың бойы мен парта нөмірлерін есепке алмай отырғызу, дұрыс тамақтанбау және дәрумендер жетіспеушілігі.

Омыртқаның физиологиялық дамуындағы ең маңызды кезең – мектеп жасы. Сол себепті ата-аналарға, мұғалімдерге сколиоздың алдын алу жолдары бойынша келесі кеңестерді ұсынамыз:

  1. Баланың жүріс-тұрысын, омыртқа жотасын түзу ұстауын қадағалаңыз.
  2. Үстел басында, партаның алдында отырғанда түзу отыру керектігін ескертіңіз. Егер бала дұрыс отырмауды әдетке айналдырса, бұл үлкен қателікке әкеп соқтыруы мүмкін: бұл әдеттен арылту оңай болмайды.
  3. Ұзақ отыру кезінде келесі ережелерді сақтау қажет: мүмкіндігінше жиі тұрғызып «физикалық үзіліс», арнайы компенсаторлық жаттығулар жасатуға тырысыңыз.
  4. Мектепке баратын сөмкесін таңдағанда келесіге назар аударыңыз: сөмкенің салмағы ауыр болмау керек, бір иыққа асып жүретін сөмкеге қарағанда, екі иыққа асатын жұмсақ белдігі бар рюкзакті таңдаған жөн.
  5. Баланың дене бітімі дұрыс қалыптасуы үшін дұрыс тамақтануына аса зор көңіл бөлу қажет.
  6. Таңертеңгі гимнастика, сауықтыру жаттығулары, белсенді өмір салты, сүйек қаңқасының дамуына Д-дәруменінің қажетті мөлшерінің түсуі үшін таза ауада демалу – бұл сымбатты дене бітімін қалыптастыру үшін қажетті факторлардың бірі.
  7. Сабақ оқитын үстелі мен орындығы бой-жас ерекшелігіне сәйкес болуы керек.

Оқушының партада дұрыс отыруы:

  • тізелері бүгілген және тік бұрыш құрайды;
  • мойны түзу, алдыға қарай созылмаған және төмен еңкеймеген;
  • шынтақтары толығымен үстелдің бетінде орналасқан;
  • арқа мен жамбас бұрышы 90 градусты құрайды;
  • аяқтары еденде немесе арнайы тіреуіште табанымен тиіп тұрады.

Сколиоз неғұрлым ерте анықталса, оны емдеу және одан әрі дамудың алдын алу оңайырақ болады. Ауруды емдегенге қарағанда, оның алдын алу жеңілірек. Сол себепті, жоғарыда айтылған кеңестерді ескерулеріңізді сұраймыз.

Самат Ахметов,

Жетісу облысы басшысының орынбасары.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *