Қазақстанда пара беру немесе өзге де сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған азаматтарға 17,3 млн теңгеге дейін біржолғы ақшалай сыйақы қарастырылған. Төлем мөлшері пара сомасына, келтірілген залал көлеміне және құқық бұзушылықтың ауырлық дәрежесіне қарай есептеледі. Алайда сыйақы алу үшін құқық қорғау органдарына хабарласу жеткіліксіз — арнайы бекітілген талаптар орындалуы тиіс. ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі сыйақы төлеу тәртібі мен шектеулерді түсіндірді, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.

Сыйақы мөлшері қалай есептеледі?

Егер пара сомасы немесе келтірілген залал мөлшері 1 000 АЕК-тен (4,325 млн теңге) асса, хабарлаушыға осы соманың 10 пайызы көлемінде сыйақы тағайындалады. 2026 жылғы есеп бойынша ең жоғары төлем мөлшері — 4 000 АЕК немесе 17,3 млн теңге.

Ал пара сомасы 1 000 АЕК-ке жетпесе немесе іс бойынша материалдық залал келтірілмесе, сыйақы құқық бұзушылық санатына сәйкес белгіленеді:

  • Әкімшілік құқық бұзушылық үшін – 30 АЕК (129 750 теңге);
  • Онша ауыр емес қылмыс үшін – 40 АЕК (173 000 теңге);
  • Ауырлығы орташа қылмыс үшін – 50 АЕК (216 250 теңге);
  • Ауыр қылмыс үшін – 70 АЕК (302 750 теңге);
  • Аса ауыр қылмыс үшін – 100 АЕК (432 500 теңге).

Сыйақы алу тәртібі қандай?

Азамат ең алдымен пара беру, пара талап ету немесе өзге де сыбайлас жемқорлық әрекеті туралы уәкілетті органға ресми хабарлауы қажет. Ақшалай сыйақыға үміткер тұлғамен ақпаратты жария етпеу туралы арнайы келісім жасалады.

Сот үкімі немесе әкімшілік қаулы заңды күшіне енген соң, өтініш істі тергеген не қозғаған органға жолданады. Ол үшін мына құжаттар тапсырылады:

  • Жеке куәлік;
  • Теңгемен ашылған банктік шот туралы анықтама.

Арнайы комиссия өтініш немесе қолдаухат түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды. Оң шешім шығып, тиісті бұйрық бекітілгеннен кейін бір ай ішінде қаражат өтініш берушінің банктік шотына аударылады.

Кімдерге сыйақы төленбейді?

Заңнамаға сәйкес, төмендегі санаттағы тұлғаларға ақшалай сыйақы берілмейді:

  • Көрінеу жалған ақпарат хабарлағандарға;
  • Құқық бұзушылықты өзі жасағандарға және оған сыбайлас болғандарға;
  • Жедел-іздестіру немесе қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдармен құпия негізде ынтымақтасатын адамдарға.

Ал қызметтік міндетіне сай сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлауға міндетті мемлекеттік қызметшілерге қаржылай төлемнің орнына грамота табыстау немесе алғыс жариялау түріндегі көтермелеу шаралары қолданылады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *