Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Жетісу облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Арыстанбек Өтеғұлов өңір халқының міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысу барысы мен медициналық қызметтердің қаржыландырылуы туралы баяндама жасады.

Спикердің айтуынша, облыста 652 мыңнан астам адам денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелген. Оның ішінде 531 мыңнан астам адам сақтандырылған мәртебесіне ие болса, 121 мың тұрғынның мәртебесі әлі өзектендірілмеген.

«Облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін өңірлік штаб халықтың сақтандырылу деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Соңғы уақытта 35 мыңнан астам азамат «сақтандырылған» мәртебесін алды», – дейді спикер. 

Жетісу облысы бойынша өңірдің денсаулық сақтау бюджеті 85 млрд теңгеге жуық. Оның 39,1 млрд теңгесі – МӘМС жүйесіне, ал 45,2 млрд теңгесі – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне бағытталған. Биылғы тоғыз айда тұрғындар 27,6 млрд теңгеге медициналық қызмет алған. 

Айта кетейік, МӘМС есебінен жоғары технологиялық операцияларға да қаржы бөлінеді. Мәселен, облыстық кардиология орталығында тоғыз айда 246 күрделі операция жасалған.  

Филиал басшысының орынбасары медициналық қызметтердің сапасына бақылау күшейгенін атап өтті. Жыл басынан бері жүргізілген тексерістер нәтижесінде 108 мыңнан астам бұзушылық анықталып, 837 млн теңгеден астам қаржыға экономикалық ықпал ету шаралары қолданылған.

Қор филиалына биыл тоғыз айда 249 өтініш түскен. Оның 72-сі бойынша нақты шаралар қабылданып, пациенттердің құқықтары қалпына келтірілді. Тұрғындардың өтініштері көбіне диагностикалық қызметті ұзақ күту, медициналық көмектің сапасы және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты болған. 

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *