Ескелді ауданында жастарға арналған ауқымды жұмыс жәрмеңкесі өтті

Ескелді ауданы, 2025 жылдың тамызы — Республика көлемінде «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанатының бастамасымен ұйымдастырылған «Job Fair» форматындағы ауқымды бос жұмыс орындары жәрмеңкесі Ескелді ауданында да өз жалғасын тапты. Іс-шара «Жастарға жұмыс» жобасы аясында өтті.

Жәрмеңке Ескелді ауданының орталық алаңында өтті. Ұйымдастырушылар қатарында «AMANAT» партиясының Ескелді аудандық филиалы мен аудандық мансап орталығы бар. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, студент жастарды маусымдық және тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру арқылы еңбекке баулу.

Жәрмеңкенің ресми ашылуында Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Байұзақова Жанар Қанатқызы мен Ескелді аудандық мәслихатының төрағасы Сатанов Қанат Нүсіпжанұлы сөз сөйлеп, қатысушы жастарға сәттілік тіледі.

Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты жолдауында айтылған 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауымен үндесіп отыр. Бұл – еліміздегі техникалық және жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыруға бағытталған нақты қадам.

Жәрмеңкеге аймақтың түрлі кәсіпорындары мен мекемелері қатысып, жастарға жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін ұсынды. Қатысушылар өздерін қызықтырған салалар бойынша тікелей жұмыс берушілермен сұхбаттасып, жұмысқа орналасу шарттарымен танысты.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *