Талдықорған қаласында Жетісу облысының мақтанышына айналған, еңбегімен, ерлігімен ел жастарына өнеге бола білген азаматтарды еске алуға арналған «JASTAR CUP» футбол турнирі табысты өтті. Бұл игі шараны Жетісу облысының Қоғамдық даму басқармасы, «Jetisy jastary» КММ және «Жасыл ел» штабының Жетісу облыстық филиалы бірлесіп ұйымдастырды.
Турнирдің басты мақсаты — «Жасыл ел» қозғалысының дамуына сүбелі үлес қосқан, жарқын өмір жолымен есте қалған азаматтар мен азаматшалардың есімін ардақтау, сондай-ақ жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеп, спортты насихаттау болды.
Шараның ашылу салтанатында Жетісу облысы жастар ресурстық орталығының директоры Шамиль Ванкеев марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алып, олардың ата-аналарына көңіл айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ашылу рәсімінен кейін төрешілердің қадағалауымен команда капитандары арасында жеребе тартылып, облыстың түкпір-түкпірінен келген 16 команда жасыл алаңда өзара мықтыны анықтауға кірісті.
Жалпы 159 спортшы бақ сынаған турнир қорытындысында үздік шыққан командалар ақшалай сыйлықтармен қатар, алғысхаттар мен медальдарға ие болды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнир алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп, ел жастарын бірлікке, спортқа және отансүйгіштікке баулитын маңызды алаңға айналмақ.
