«JetFlow» онкүндігі аясында және Халықаралық жастар күніне орай Сарқан ауданының көрікті Аманбөктер ауылында ерекше форматтағы этномәдени фестиваль — «Zhailau FEST» жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Бұл фестиваль — ұлттық құндылықтар мен рухани мұраның жас буынға табысталуына бағытталған мағыналы шара ғана емес, сонымен қатар жастарды елдікке, тарихқа, салт-дәстүрге жақындататын рухани тәрбие мектебіне айналды.

Іс-шараның басты мақсаты — жастарды ұлттық тәрбиеге баулу, ұмыт бола бастаған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жаңғырту болды. Фестиваль жас қатысушылар үшін қызықты тәжірибе мен әсерлі естеліктерге толы, халқымыздың бай мәдениетімен терең танысатын мүмкіндікті сыйлады.

— Фестиваль жастардың мәдени мұра мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Ол патриотизм мен дәстүрлі өмір салтына қызығушылықты арттырып, жаңа ұрпаққа тың серпін берді, — деді «Jetisu jastary» КММ директорының орынбасары Арнай Рақымберліұлы.

Фестиваль аясында қатысушылар ауыл тіршілігінің шынайы тынысын сезініп, ұлттық салт-дәстүрлерді іс жүзінде үйренді. Киіз үй тігіп, шаңырақ көтеріп, сиыр мен бие сауып, бауырсақ пісірді. Ұлттық ойындарға қатысып, қыздар қазақы тағам әзірлеудің әдіс-тәсілдерін меңгерді — ішек-қарын тазартып, дәстүрлі сірне тағамын жасады.

Мерекелік күннің соңын экологиялық мәні зор «Таза Қазақстан» акциясы түйіндеді. Жастар ауыл аумағын тазарту жұмыстарына белсене қатысып, қоршаған ортаға деген жауапкершілік пен азаматтық белсенділіктің үлгісін көрсетті.

Фестивальге 16-22 жас аралығындағы 70-тен астам жас тартылды. Бұл шара олар үшін жаңа достар табуға, мәдени тәжірибе алмасуға, ұлттық рухты сезінуге және шабыт алуға мүмкіндік берген орта болды.

«Zhailau FEST» — бұл дәстүр мен болашақтың жарасымды үндестігі, жастарға ұлттық рухты сіңіретін, тамыры терең тарихымызды жаңғыртатын мәні зор алаң. Фестиваль ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және оларды жас ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісіне айналды.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *