Жетісу облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен, этномәдени бірлестіктер, Аналар мен Ақсақалдар кеңесінің қолдауымен ұлы ойшыл, ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының мұрасына арналған «Ұлы даланың – ұлы Абайы» атты он күндік мәдени-рухани шара өткізіледі.
Жоба аясында өңір тұрғындары мен түрлі этнос өкілдері Абай шығармашылығын тереңірек танып, оның ұлт болашағы үшін сіңірген еңбегін қайта зерделеуге мүмкіндік алады. Шараның алғашқы күнінде әлеуметтік желілер арқылы ақын мұрасына арналған құттықтаулар мен бейнежолдаулар жарияланып, этномәдени бірлестіктердің, ҚХА мүшелерінің және зиялы қауым өкілдерінің жылы лебіздері ұсынылады.
Бұдан бөлек, күн сайын Абайдың қара сөздеріне арналған бейнематериалдар жарияланып, аға буын өкілдері мен жастар ақынның философиялық ойларын қазіргі қоғам тұрғысынан талқылайды. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде #ҰлыАбай_өлеңдері атты челлендж бастау алып, қатысушылар Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, өз бейнежазбаларын бөлісуде.
Мәдени шара аясында қалалық қоғамдық орындарда тұрғындар арасында сауалнама жүргізіліп, халықтың Абай мұрасына қатысты таным деңгейі сарапқа салынады. Жауап берген белсенді азаматтарға естелік сыйлықтар табысталады.
Абайдың шығармашылығына арналған оқырмандар кеші де ерекше форматта өтпек. «Мәміле» клубының қатысуымен ұйымдастырылатын бұл кездесуде ақын туындылары оқылып, пікір алмасу ұйымдастырылады. Ал Қаратал өзенінің жағалауында ашық микрофон форматында өтетін музыкалық кеште Абайдың әндері шырқалады. Қатысушылар «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» сынды туындыларды домбырамен немесе караоке нұсқада орындай алады.
Шара аясында ұлттық ойындарға да басымдық беріліп отыр. Жергілікті жағажай аумағында асық ату, қол күрес, арқан тартыс және қазақ күресі секілді ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады.
Сонымен қатар, «Абай» мейрамханасында өзге ұлт өкілдері арасында ақын шығармашылығына қатысты интеллектуалды ойын өтіп, жеңімпаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталады. Қалалық жағажайда жастар мен суретшілердің қатысуымен Абай бейнесіне арналған заманауи көркем инсталляциялар қойылады.
Он күндік ақынның рухани мұрасына арналған поэзиялық кешпен қорытындыланады. Аталған шара «Абай» мейрамханасының терассасында ашық микрофон форматында өтеді. Жастар мен өнерпаздар Абайға арналған өлеңдерін оқып, музыкалық қойылымдар ұсынады. Кеш соңы ортақ әнмен және естелік суретке түсумен аяқталады.
Шара ұйымдастырушыларының айтуынша, бұл жоба – өңірде рухани тұтастықты арттырып, көпэтносты қоғамда ұлттық мұраға деген құрметті күшейтудің жарқын үлгісі болмақ.
