Жетісу облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол жүру ережелерін бұзушылықтарды болдырмау мақсатында заманауи цифрлық технологиялар мен автоматтандырылған бақылау жүйелерін енгізу жұмыстары жалғасуда.

Бүгінде республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдарында 137 аппараттық-бағдарламалық кешен мен 584 бейнебақылау камерасы орнатылған. Олардың қатарында «ZEREK-2», «VIDAR SPEED-R», «Сергек», «МЕРГЕН» жүйелері және Ekin BOX SPOTTER кешендері бар. Сонымен қатар патрульдік полиция қызметінде Ekin Patrol G2 мобильді жүйесі қолданылады.

«МЕРГЕН» және «VIDAR SPEED-R» кешендері жол қозғалысын бақылауға және белгіленген жылдамдық режимінің сақталуын қадағалауға арналған. Ал «ZEREK-2» жол қозғалысын автоматтандырылған түрде бақылау және тиісті деректерді тіркеу үшін қолданылады. Өз кезегінде, патрульдік автокөліктерге орнатылған Ekin Patrol G2 мобильді кешені көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлерін тануға, іздеуде жүрген автокөліктерді анықтауға және қозғалыс барысында бақылау жүргізуге мүмкіндік береді. Әкімшілік айыппұл мөлшері құқық бұзушылықтың сипаты мен заңнамада көзделген тиісті бапқа байланысты белгіленеді.

Қолданыстағы цифрлық жүйелермен қатар өңірде жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттыруға бағытталған жаңа жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, Талдықорған қаласында 9 учаскеде интеллектуалды «ақылды» жаяу жүргіншілер өткелдерін орнату көзделген.

Полиция өкілінің айтуынша, цифрлық технологиялар мен жаңа жобаларды енгізудегі басты мақсат – әкімшілік айыппұлдар санын көбейту емес, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, жүргізушілердің жауапкершілігін арттыру, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *