1 шілдеде Талдықорған қаласында орталық алаңда Ұлттық домбыра күніне орайластырылған «Үкілі домбыра» атты кең ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылады. Оған өңірдің әр түкпірінен өнерге бейім 5000 жетісулық қатысып, күй шертеді. Айтулы шарада Бақтыбайдың әуені және Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйі ойналады.
Шараның мақсаты – ата-бабадан мұра болып қалған киелі домбыраның рухани және мәдени маңызын жас ұрпаққа насихаттап, ұлттық өнерді дәріптеу. Бұл мереке – ұлттың өткенін бағалау, болашағына бағдар боларлық рухани мұраның қадір-қасиетін арттыруға бағытталған.
Іс-шара аясында:
• Сахнаның екі жағында домбыра жасау өнеріне арналған қолөнер шеберлерінің көрмесі;
• «Домбыра – қазақ халқының мұрасы» тақырыбында ұйымдастырылатын кітапхана мен мұражайдың бірлескен экспозициясы;
• Жетісу облысы әкімінің мерекелік құттықтауы;
• Өңірдің танымал өнерпаздары қатысатын кең көлемді концерттік бағдарлама ұсынылады.
Келушілер ұлттық өнердің терең тамырына үңіліп, шеберлік пен сырға толы домбыра жасау өнерімен таныса алады. Сондай-ақ көрмелер мен концерттік бағдарламаны тамашалап, халқымыздың мәдени құндылықтарын жаңа қырынан тануға мүмкіндік туады.
Барша тұрғындар мен қонақтарды ұлттық рух пен өнерге толы «Үкілі домбыра» мерекелік кешіне шақырамыз!
