Жетісу облысында «Жетісу көшбасшылары» жобасы аясында жастардың көшбасшылық әлеуетін дамытуға, азаматтық белсенділігін арттыруға және қоғамдық бастамаларын қолдауға бағытталған ауқымды іс-шаралар кешені ұйымдастырылды. 2026 жылғы 24 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткен жоба бағдарламасына патриоттық, мәдени-танымдық, интеллектуалдық, спорттық, мотивациялық және экологиялық бағыттағы 10 іс-шара енгізілді. Жалпы жоба аясында 1 000-нан астам жасты қамту көзделді.

Жобаның негізгі мақсаты – Жетісу облысы жастарының көшбасшылық қабілеттерін дамыту, азаматтық ұстанымын нығайту, әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру және қоғамдық маңызы бар бастамаларға белсенді қатысуына қолайлы орта құру.

Бағдарламаны әзірлеу барысында жастардың әртүрлі қызығушылықтары мен қажеттіліктері ескерілді. Іс-шаралар олардың білімін жетілдіруге, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, салауатты өмір салтын ұстануына, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауына және қоғамдық өмірге белсенді араласуына бағытталды.

Жоба 24 қыркүйекте өткен «Жетісу жастары – ел болашағы» атты патриоттық-мотивациялық кездесуден басталды. 50-ден астам жас қатысқан іс-шарада отансүйгіштік, ұлттық бірегейлік, туған жерге құрмет, азаматтық жауапкершілік және жастардың ел дамуындағы рөлі талқыланды. Қатысушылар қоғамдық бастамаларға араласу, еріктілік қызметті дамыту және өңірдің өркендеуіне үлес қосу жөнінде пікір алмасты.

30 қыркүйекте Талдықорған қаласында «Зияткер Жетісу» атты жастар арасындағы интеллектуалдық командалық сайыс ұйымдастырылды. 50-ден астам қатысушы Қазақстан тарихы, әдебиет, ғылым, мәдениет, заманауи технологиялар және жалпы білім салалары бойынша өзара сынға түсті. «Туған өлке – тұнған тарих» кезеңінде Жетісу өңірінің тарихи-мәдени мұрасы, белгілі тұлғалары, географиялық ерекшеліктері мен көрікті жерлеріне арналған сұрақтар қойылды. Сайыс жастардың логикалық және сыни ойлау қабілеттерін жетілдіруге, командада жұмыс істеу дағдыларын дамытуға ықпал етті.

12 қазанда Талдықорған қаласында «Жас көшбасшы: табысқа бастар жол» атты мотивациялық кездесу және тәжірибе алмасу алаңы өтті. 30-дан астам жас қатысқан кездесуде «Dauletten» қайырымдылық қорының президенті, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі Қуандық Жасұлан Бостандықұлы негізгі спикер болды. Кездесу барысында мақсат қою, уақытты тиімді басқару, жеке жауапкершілік, кәсіби даму, табандылық және заманауи еңбек нарығында бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасу мәселелері қозғалды.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Ұлттық рух – ұрпаққа аманат» мәдени-танымдық кеші ұйымдастырылды. Іс-шара жастардың ұлттық мәдениет пен тарихи мұраға деген қызығушылығын арттыруға, дәстүр сабақтастығын сақтауға және ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталды.

Жоба аясында экологиялық жауапкершілікке де ерекше көңіл бөлінді. Ақсу ауданының Қапал ауылында «Таза Жетісу – жарқын болашақ», ал Алакөл ауданының Ақши ауылында «Таза Post – Алакөл» экологиялық акциялары өткізілді. Аталған бастамалар жастарды қоршаған ортаны қорғауға, туған өлкенің тазалығын сақтауға және еріктілік қызметке белсенді қатысуға шақырды.

Сонымен қатар бағдарлама шеңберіндегі спорттық, мәдени және қоғамдық бағыттағы іс-шаралар жастардың өзара байланысын нығайтып, олардың бастамашылдығын, шығармашылық белсенділігін және командалық рухын арттыруға мүмкіндік берді. Әртүрлі форматтағы кездесулер мен сайыстар қатысушыларға тәжірибе алмасуға, жаңа идеялар ұсынуға және өз қабілеттерін танытуға жағдай жасады.

«Жетісу көшбасшылары» жобасы жастардың жеке әлеуетін ашуға, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыруға және қоғамға пайдалы бастамаларын қолдауға бағытталған маңызды алаңға айналды. Осындай жобалар жас буынның білімін, бастамашылдығы мен көшбасшылық қасиеттерін дамыту арқылы Жетісу облысының тұрақты дамуына үлес қосады.

Жобаны ұйымдастырушы – «Жоғары жастар кеңесі» қоғамдық бірлестігі.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *