Б.Құранбек атындағы журналистер үйінде Кербұлақ ауданының әкімі Жанат Жүнісбеков ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпаратпен бөлісті. 

Кербұлақ ауданында құны 1,3 трлн теңге болатын кен байыту комбинатының құрылысы жоспарланып отыр. Кәсіпорын іске қосылғанда 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Бұл ауданда жүзеге асырылатын ірі инвестициялық жобалардың бірі ғана. Алдағы үш жылда жалпы құны 1,4 трлн теңге болатын 6 жобаны іске асыру көзделген.  

Атап айтқанда, Көксу өзенінде қуаттылығы 23 МВт болатын су электр станциясының құрылысы жүріп жатыр. Жобаны 2027 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар қуаттылығы 110 МВт күн электр станциясын салу көзделген. Өндірістік жобалардың қатарында жылына 1 млн тонна кен өңдейтін «STAN COMPANY» зауыты да бар. Кәсіпорын жыл соңына дейін іске қосылады. Бұдан бөлек, жылына 600 мың тонна кен өңдейтін «JETISU MINING CO. LTD» жобасы және қуаттылығы жылына 30 мың тонна мал азығын өндіретін зауыт салу жоспарланған.

Инвестициялық жобалармен қатар, ауданда тұрғын үй құрылысы да жалғасуда. Биыл Сарыөзек ауылында апатты үйлердің тұрғындарына арналған 60 пәтерлі бес қабатты үй пайдалануға берілді. Ал әлеуметтік осал топтағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін жоспарланған 157 үйдің 115-і сатып алынған. 

Аудан тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірі – газдандыру. Қазір 63 елді мекеннің 21-іне табиғи газ жеткізілген. Жыл соңына дейін тағы төрт ауылға – Қоғалы, Көкбастау, Қарағаш және Қазынсуға көгілдір отын беру жоспарланып отыр. Ал 2030 жылға қарай газбен қамтылған елді мекендер саны 32-ге жетіп, шамамен 33 мың тұрғын табиғи газды пайдалана алады.  

«Сарыөзек ауылындағы ауыз су мәселесі толық шешілді. Ауылдағы ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары биылғы жылдың қыркүйек айында аяқталып, тұрғындар үшін маңызды мәселе өз шешімін тапты. Жалпы, Кербұлақ ауданындағы 63 елді мекеннің 59-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылып, 93 пайызға жетті. Сонымен қатар, өткен жылы басталған Ақбастау және Тастыөзек ауылдарын орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосу жұмыстары биыл тамыз айында толық аяқталды. Бұдан  бөлек, биыл Алтынемел, Көктал және Көксай ауылдарының ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, Малайсары бекетіндегі 4 көпқабатты тұрғын үйдің кәріз жүйесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде», — деді аудан әкімі.

Ауыл шаруашылығы да аудан экономикасының маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Биыл егіс алқабы 113 мың гектарға жетті. Егін жинау науқаны кезінде 211 мың тонна дәнді дақыл жиналып, жоспарланған алқаптың 99 пайызы орылды. Сонымен қатар 1288 гектар алқаптан 31 мың тонна картоп алынған. Қант қызылшасын жинау жұмыстары да жүргізілуде.

Су тапшылығы жағдайында егіншілік тиімділігін арттыру үшін су үнемдеу технологияларына басымдық берілуде. Жыл басынан бері 2856 гектар жерге жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері енгізілген. Алдағы уақытта ауданда ұзындығы 105 шақырым болатын суару арналарын жаңғырту жоспарланып отыр. Жоба нәтижесінде Қоғалы, Алтынемел, Жайнақ батыр, Шұбар, Шанханай және Басши ауылдық округтерінде 7 мың гектарға жуық жаңа суармалы жер айналымға енгізілмек.   

Шаруа қожалықтарына да мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Биыл «Кең дала-2» және «Агробизнес» бағдарламалары арқылы 43 шаруашылыққа 2,2 млрд теңге қаржылай көмек берілген. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 4 кооператив құрылды. Ауданда пайдаланылмай жатқан 6 мың гектар ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылып, қайта айналымға енгізілген.

Кәсіпкерлік саласында да өсім байқалады. Ауданда 3454 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл салада 5215 адам еңбек етеді. 9 айда кәсіпкерлер өндірген өнім көлемі 9,5 млрд теңгеге жетті. Жалпы, жыл басынан бері ауданда 1469 жаңа жұмыс орны құрылып, жылдық жоспардың 93 пайызы орындалған. 

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту да назардан тыс қалмаған. Соңғы 3 жылда ауданда 6 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік-акушерлік пункт және 3 медициналық пункт салынған. Сонымен қатар ауылдық медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін 6 санитарлық автокөлік сатып алынған.

Білім беру саласында биыл 4 мектептің жылыту жүйесі, 2 мектептің спорт залы және бір мектептің асханасы жөнделді. Мәдениет саласында тұрғындардың игілігіне заманауи үлгідегі жаңа кітапхана ашылды. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін Жоламан, Алтынемел және Талдыбұлақ ауылдық округтерінде өрт сөндіру бекеттері сатып алынған.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *