Жетісу облысында әуе қатынасын кеңейту бағытында жаңа бастама қолға алынды. FlyArystan әуе компаниясы келесі жылы өңірге жаңа рейстер ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды. Жиын барысында облыстың Туризм басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен FlyArystan компаниясы арасында үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Бастама Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған өңірлердің әлеуетін арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және аймақтар арасындағы байланысты нығайту міндеттерімен сабақтас. Әуе қатынасының кеңеюі Жетісудың туристік мүмкіндіктерін жаңа деңгейге көтеріп, өңірге келетін саяхатшылар үшін жол жүруді қолайлы ете түспек.
Өңірге келетін туристер саны да жыл сайын өсіп отыр. Өткен жазғы маусымда облысқа 2,3 миллион адам саяхаттаған. Әсіресе, Алакөл мен Балқаш жағалауы демалушылар арасында сұранысқа ие. Сонымен қатар табиғи парктер мен тау бағыттарына қызығушылық артып келеді.
Туристік әлеуетті толық пайдалану үшін жол қатынасын жақсарту да маңызды. Қазір облыста Талдықорған және Үшарал қалаларында екі әуежай жұмыс істейді. Үшаралға жазғы маусымда Алматы мен Астанадан рейстер қатынаса, Талдықорған мен Астана арасында жыл бойы әуе қатынасы бар. Екі әуежай тоғыз айда 45 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсеткен.
Әуе инфрақұрылымын дамыту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Үшарал әуежайында ұшу-қону жолағы жаңартылып, жаңа аэровокзал кешені салынған. Қазір әуежайды кеңейту жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жоба бойынша жаңа жолаушылар терминалын салу, перрон мен әуе кемелерінің тұрақ орындарын ұлғайту көзделген. Нәтижесінде әуежайдың өткізу қабілеті сағатына 50-ден 125 жолаушыға дейін артады.
FlyArystan компаниясымен жасалған меморандум аясында тараптар Жетісуды әуе компаниясының маршруттық желісіне қосу, жаңа рейстер ашу және қолданыстағы бағыттардың жиілігін арттыру мүмкіндіктерін бірлесіп қарастырады. Бұдан бөлек, өңірдің туристік әлеуетін әуе компаниясының жолаушылары арасында таныту жұмыстары жүргізіледі.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *