Жетісу облысында шомылу маусымы басталғалы судағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында жедел алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, маусым айынан бері 7 бала құтқарылып, суға шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде 2 адамның, оның ішінде бір баланың қаза болғаны тіркелді.
Маусым айынан бастап ТЖД қызметкерлері полиция департаментімен, жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп 967 рейд пен патрульдік іс-шара өткізіп, оған 1000-нан аса адам қатысты.
Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 42 адам жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 578 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жыл басынан бері шомылуға рұқсат етілген 5 орын мен тыйым салынған 76 учаске облыс әкімдігі мен мәслихаты тарапынан бекітілді. Бұл ретте, халық көп жиналатын орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жедел-құтқару жасағының теңгерімінде 16 моторлы жүзу құралы бар, оның ішінде 4 катер және 12 темір қайық.
Облыс аумағындағы 23 су айдынының түбі тексерілді. Атап айтқанда: Ақши ауылында – 3 балалар лагері және 4 қоғамдық жағажай, Лепсі ауылында – 15 демалыс аймағы, Талдықорғанда – 1 қалалық жағажай қамтылған.
Сарқан ауданында күніне 3 құтқарушы кезекшілікке түсіп, Балқаш көлінің жағалауын 2 құтқарушы патрульдейді. Алакөл ауданында 2 құтқарушы күн сайын қызмет атқарып, көл жағалауын 8 құтқарушы бақылайды. Ауданға қосымша 4 құтқарушы жұмылдырылды. Жалпы, бұл аудандарда 13 моторлы қайық қолданыста.
Жетісу облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін сақтауға және тек жабдықталған жағажайларды пайдалануға шақырады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *