Облыс аумағында 2025-2026 жылдардағы мал қыстату науқанына дайындық басталды. Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармалары, аудандық және қалалық бөлімдер мен ветеринариялық станциялардан құрылған жұмыс топтары қазанның 13-29 күндері аралығында қыстақтарды аралап, олардың жағдайын тексеруді жоспарлаған. Бұл туралы Жетісу облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Мұрат Тлеубаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында баяндады.
Бақылау барысында мал қыстаулары, тұрғын үйлер мен қора-жайлар, жайылымдар және жиналған мал азығының жай-күйі зерделенді. Қазіргі уақытта Көксу, Ескелді, Ақсу және Сарқан аудандарындағы қыстақтарды аралау жұмыстары аяқталды. Қалған аудандарда бұл жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасуда.
Шаруа қожалықтар малды жаздық жайлаудан түсіріп, қыстақтарға орналастыру мен жем-шөп тасымалдау жұмыстарын жалғастыруда. 17 қазан күнгі жағдай бойынша шаруашылықтардың шамамен 70 пайызы қыстақтарға тұрақтаған.
Биылғы жылы кей өңірлерде шөп шығымы өткен жылмен салыстырғанда 50-70 пайызға төмен. Бұл алдағы қыстау кезеңінде шаруаларға белгілі бір қиындықтар туғызуы мүмкін.
Қазіргі уақытта облыс бойынша 2,2 млн тоннадан астам мал азығы дайындалды. Оның ішінде 1,3 млн тонна шөп, 335 мың тонна сабан және 300 мың тоннаға жуық жем қамтылған. Сондай-ақ өткен жылдан қалған 650 мың тоннадай мал азығы бар, бұл биылғы қажеттілікті толық қамтамасыз етуге жеткілікті.
Жыл басынан бүгінгі күнге дейін облыстағы мал басы 2,7 млн-нан асты. Оның ішінде ірі қара – шамамен 580 мың, ұсақ мал – 1,9 млн, жылқы – 220 мың басқа жеткен.
Мал қыстату науқаны мен жем-шөп қорын қамтамасыз ету Ауыл шаруашылығы басқармасының тұрақты бақылауында. Қыстақтарды аралау аяқталған соң, жиналған мәліметтер бойынша аудан және қала әкімдіктеріне нақты тапсырмалар берілетін болады.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *