Жетісу облысының су айдындарында балық ресурстарын сақтау және арттыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Ринат Кумашев хабарлады.
Облыс аумағында кәсіпшілік және әуесқойлық балық шаруашылығы дамыған төрт ірі көл бар: Балқаш, Алакөл, Сасықкөл және Қошқаркөл. Балық қорын сақтау және ұлғайту үшін су айдындарын шабақтармен толықтыру жұмыстары жүйелі түрде атқарылып келеді.
Биылғы маусымда Балқаш және Алакөл көлдеріне 459 мыңнан астам сазан шабағы жіберу көзделген. Сонымен қатар, балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар өз міндеттемелерін орындау шеңберінде табиғи ортаға 293 мыңға жуық бағалы балық шабақтарын жіберуді жоспарлаған. Осылайша, облыстың су айдындарына жалпы 750 мыңнан астам шабақ жіберілмек.
Балықтардың табиғи көбеюіне жағдай жасау мақсатында көктемгі уылдырық шашу кезеңінде «Уылдырық шашу» және «Таза су айдындары» экологиялық акциялары өткізілді. Соңғы акция нәтижесінде 17 шақырымнан астам тасталған балық аулау құралдары су айдындарынан алынып, шамамен 6 тонна тұрмыстық қалдық жиналды.
«Уылдырық шашу» табиғатты қорғау акциясы аясында өткізілген рейдтер барысында заң бұзушылықтың 27 дерегі анықталды. 25 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 500 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 100 кг-ға жуық балық пен 16 дана тыйым салынған ау құралдары тәркіленді.
Жыл басынан бері браконьерлікке қарсы күрес кезінде 227 құқық бұзушылық тіркеліп, 12 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 10 адам сот шешімімен бас бостандығынан және балық аулау құқығынан шектелді.
Бүгінде Жетісу облысында 28 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Олар жыл соңына дейін 1200 тоннадан астам тауарлы балық өсіруді жоспарлап отыр.
Мемлекет тарапынан бұл салаға қолдау шаралары көрсетілуде. Атап айтқанда, жем құнының 30%-ы субсидияланады, техника мен жабдық алуға жұмсалған шығындардың 25%-ы өтеледі. Сонымен бірге, балық өсіру-биологиялық негіздемелер әзірлеуге, отырғызу материалдарын және дәрі-дәрмек сатып алуға, сондай-ақ бағалы балық түрлерінің аналық табындарын ұстауға кететін шығындардың 50%-ға дейінгі бөлігі субсидиямен қамтылған.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *