Республика күніне орай жастар арасында «QAZAQ IQ» атты зияткерлік ойын ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты — жастардың білімін тереңдету, ой-өрісін кеңейту, сондай-ақ ұлттық құндылықтар мен патриоттық рухты дәріптеу болды.

Ойынға әрқайсысы үш адамнан құралған 11 команда қатысып, өзара білім мен тапқырлықта сынға түсті. Зияткерлік сайыс үш кезеңнен тұрды. Бірінші тур — «Қазақстан тарихы» тақырыбында өтті. Бұл бөлімде қатысушылар елдің тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғалар, көрнекті тұлғалар мен маңызды кезеңдер туралы сұрақтарға жауап берді. Екінші тур — «Әлемдік тарих пен әдебиет» бойынша ұйымдастырылып, әлем өркениетінің дамуы мен әйгілі жазушылардың шығармашылығына қатысты сұрақтар қамтылды. Үшінші, қорытынды кезең — «Қазақ әдебиеті мен шығармаларына» арналды. Мұнда қатысушылар ұлттық әдебиет, ақын-жазушылардың өмірі мен еңбектері жөніндегі білімдерін көрсетті.

Жарыс барысында командалар жоғары белсенділік танытып, терең білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін айқын көрсетті. Нәтижесінде, 1-орынды «CenturyX & QSA» командасы иеленіп, арнайы «Смарт блокнотпен» марапатталды. 2-орынға «Тузз» командасы лайық деп танылып, «VR көзілдігіне» ие болды. Ал 3-орынды «Taza Eco» командасы жеңіп, «Бункер» үстел ойынымен марапатталды.

Жеңімпаз команда капитаны Ақтай Аян ойыннан алған әсерімен бөлісіп:
«Бүгінгі жеңіс — біздің командалық еңбектің нәтижесі. “QAZAQ IQ” ойыны бізге білім мен бірліктің қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осындай мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға және барлық қатысушыларға алғыс білдіреміз!» — деп атап өтті.

«QAZAQ IQ» интеллектуалды ойыны жастардың зияткерлік әлеуетін арттырып, білімге, ізденіске және жаңашылдыққа деген қызығушылығын күшейтті. Мұндай жобалар өскелең ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, ұлттық рух пен бірлікті нығайтуға зор ықпал етуде.

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *