Биыл бұл мереке 13 шілдеге сәйкес келді. Кәсіби мейраммен балық шаруашылығы саласының қызметкерлері, әуесқой балықшылар және осы салаға қатысы бар барлық азаматтар құттықтаулар қабылдауда.
Каратал ауданында Балықшылар күні кеңінен аталып өтті. Салтанатты шара Балқаш жағалауында орналасқан Көпбірлік ауылында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Vestnik19.kz тілшісі.
— Баршаңызды кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Балқаштың суымен өмірі тығыз байланысты округ тұрғындары үшін бұл мерекенің маңызы ерекше. Бұл күн туған өлкенің табиғатын құрметтейтін, оның бүгінгі және болашақтағы ахуалына бейжай қарамайтын барша жанды біріктіреді. Біздің басты міндетіміз — су ресурстары мен су жануарларына ұқыпты қарау, болашақ ұрпаққа аманаттау. Бүгін мұнда балықшылықпен бірнеше ұрпақ бойы айналысып келе жатқан отбасылардың өкілдері, балық шаруашылығы саласының еңбек майталмандары қатысуда. Жастарға тәжірибесін бөлісіп жүрген барша азаматтарға амандық, береке-бірлік, ал Балқаштың суы сіздерге әрдайым мол олжа әкелсін, — деді өз құттықтауында Каратал ауданы әкімінің орынбасары Айбек Оңғаров.
Ауыл тұрғындарына арнап, ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғазым Жасанов ақ батасын берді.
Аудан басшылығы мерекеге орай бірқатар округ тұрғындарын марапаттады. Олардың қатарында: Рыскелді Жотабаев, Досан Имашев, Айнабек Қуатов, Азамат Хеметов, Уәлихан Нұрлыбаев, Бәзілжан Қарабалинов, Марат Киханов және басқалар бар.
Салтанатты бөлімнен кейін балықшыларға арналған мерекелік концерт өтті. Концертке аудандық Мәдениет үйінің әртістері мен жергілікті өнерпаздар қатысты.
Бағдарлама спорттық жарыстармен жалғасты. Қатысушылар арасында гир көтеру мен арқан тартудан жарыстар ұйымдастырылды. Әйелдер де бұл шарадан тыс қалмай, кросс пен волейболдан өзара бақ сынасты.
Шараның ерекше көрінісі — жергілікті аспаздардың арнайы дайындалған, жаңа ауланған балықтан әзірленген тағамдар болды.
Айта кетейік, Қазақстанда Балықшылар күні шілде айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. Биыл бұл күн 13 шілдеге сәйкес келді. Мейраммен балық шаруашылығы қызметкерлері, әуесқой балықшылар және осы салаға қатысты барлық азаматтар құттықтаулар қабылдайды.