Биыл мамырда Өзбекстанның Науаи облысында Әйтеке бидің 380 жылдығын атап өту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Кіші жүздің биі атанған Әйтеке бидің кесенесі Өзбекстанның Науаи облысында орналасқан. 2008 жылға дейін оның қайда жерленгені беймәлім болып келіп еді. Кейін жергілікті халықтан сұрастыра келе, Науаи облысының Нұрата ауданында Әйтеке бидің зираты анықталып, зерттеу жұмыстары жүргізілген.
Артынша, яғни 2009 жылы ұрпақтарының, белгілі саяси қайраткерлер және жергілікті қазақтардың қолдауымен кесене бой көтерді. Содан кейінгі жылдары кешеннің маңына мешіт, музей, шырақшыға арналған үй-жай салынды. Тиісінше, бұл кесене толық 2012 жылы ашылды.
Қазіргі уақытта Науаи облысындағы қазақтар бабаның зират басын күтіп-баптап отыр. Көктем шыға кешен маңында абаттандыру жұмыстары басталған. Ал музейдің ғимаратына күрделі жөндеу жүріп жатыр. Ол жұмыстар таяу арада аяқталып, мамыр айында Әйтеке биге арналып ас беріледі.
«Нәсіп етсе, биыл 380 жылдықты халықаралық дәрежеде өткіземіз. Атап айтқанда, халықаралық ақындар айтысын ұйымдастырамыз, өнерпаздар концерт береді. Бұған қоса, 16 мамырда баба басында ас беріледі», — деп жоспарларымен бөлісті Науаи облысы қазақ мәдени орталығының төрағасы Төрехан Нарынбетов.
Туризм басқармасының мәліметінше, Әйтеке бидің кесенесіне зиярат ету үшін жыл сайын 7-8 мың шетелдік турист келеді.
«Әйтеке би зиярат кешеніне жыл сайын 7-8 мың шетелдік келеді. Соның арқасында Нұрата ауданы танымал саяхат бағытына айналды. Мұнда келушілерге қызмет көрсету ісі жақсы дамыған. Әйтеке би кесенесі мәдени мұра нысаны саналады. Оған қоса мұнда «Шошма» кешені де бар. Биыл біз осы жерлерде саяхатшылардың үлкен бөлігін қабылдауды көздеп отырмыз. Бір ғана Әйтеке бидің 380 жылдығында Қазақстаннан 2 мың мейман келеді деген болжам бар. Одан бөлек мұнда ішкі туристерде көп келмек», — деп тоқталды Науаи облысы бойынша туризм басқармасының басшысы Дильшод Ходжаев.
Ұйымдастырушылар бұл шараға түркі мемлекеттері және халықаралық ұйымдардан мәртебелі меймандарды шақырмақ. Оның аясында Әйтеке бидің өмір жолын келешек ұрпаққа насихаттайтын ғылыми кеңес өткізу жоспарланып отыр.
Келушілер зияраттан соң көбіне қазақтар қоныстанған Кенимех ауданына барып, өңірлер арасындағы рухани әрі мәдени байланысты нығайтуға күш салмақ.