12 қыркүйекте Талдықорған қаласында Бикен Римова атындағы драма театрының 50 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өтіледі. Мерейтой аясында қазақ театр өнерінің дара тұлғасы, Халық әртісі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бикен Римова атындағы «BIKEN» ІІІ Халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылады.
Мерейтой күні бірқатар мәдени шаралар жоспарланған. Театр алаңында театрлар шеруі мен театрландырылған қойылым өтеді. Бұдан кейін қазақстандық өнер жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылады. Кештің басты ерекшелігі – театр шымылдығын алғаш ашқан Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясының жаңа қойылымы.
Сонымен қатар, театрдың жарты ғасырлық тарихына арналған арнайы кітап жарық көрді. Онда театрдың шығармашылық жолымен қатар Жетісу өңірінің мәдениеті мен өнерінің даму кезеңдері қамтылған.
Мерейтойға орай 13-17 қыркүйек аралығында Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римоваға арналған «BIKEN FEST» ІІІ Халықаралық театр фестивалі ұйымдастырылады. Шараға Қазақстанның жетекші театр ұжымдарымен қатар Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Әзербайжан театрлары қатысады.
Фестивальдің басты мақсаты – шығармашылық байланысты нығайту, жас режиссерлер мен актерлерді қолдау, мәдени интеграцияға үлес қосу. Қазылар алқасына Қазақстан мен шетелдің белгілі театртанушылары мен өнер қайраткерлері енді.
Мерекелік шара Жетісу облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Қойылымдардың барлығына кіру тегін. Театр ұжымы барша өнерсүйер қауымды мерейтойлық мерекеге қатысуға шақырады.
