1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін Қазақстанда халықты алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына тіркеу жөніндегі жыл сайынғы науқан өтуде. Бұл үдерістің маңызы зор, өйткені денсаулық сақтау жүйесінің іргетасы дәл осы алғашқы медициналық көмектен басталады. Азаматтар осы деңгейде профилактикалық тексеруден өтіп, скринингтер жасатады, жалпы тәжірибе дәрігерлерінен, терапевттерден, педиатрлардан кеңес алады, сондай-ақ дер кезінде ауруларды анықтап, емделу мүмкіндігіне ие болады.
Облыс бойынша алғашқы медициналық-санитариялық көмекті 13 медициналық ұйым көрсетеді, оның ішінде 11-і мемлекеттік, 2-і жекеменшік. Талдықорғанда төрт емхана жұмыс істейді: «ХАК» және «Нур-Авиценум» атты екі жеке медициналық орталық, сондай-ақ қалалық №1 және №2 мемлекеттік емханалар.
Науқан кезеңінде әрбір азамат тұрғылықты жері немесе жұмыс орны бойынша емхананы таңдауға немесе ауыстыруға құқылы. Осы мерзімде берілген өтініш 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді, егер таңдалған медициналық ұйым Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасса. Тіркеу рәсімі жеңілдетілген түрде жүзеге асырылады: eGov порталы арқылы, eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы немесе тікелей таңдалған емхананың тіркеу бөлімінде. Бұрынғы емханадан шығу автоматты түрде жүргізіледі, ал егер азамат медициналық ұйымды өзгертуді жоспарламаса, қайта өтініш берудің қажеті жоқ.
Бүгінде Жетісу облысында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан 59 медициналық ұйым бар, оның ішінде 13-і алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Облыс емханаларына 654 мыңнан астам тұрғын тіркелген, оның ішінде 458 мыңнан астамы ауыл тұрғындары. Барлық азаматтар, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, кепілдік берілген тегін медициналық көмекті алуға құқылы. Алайда жоспарлы ауруханаға жатқызу, қымбат диагностикалық тексерулер мен жоғары технологиялық ем алу үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысу қажет. Өз мәртебеңізді eGov порталында, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сайтында немесе Telegram мессенджеріндегі SaqtandyryBot сервисі арқылы тексеруге болады.