Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында орта тапты нығайту, адами капиталды дамыту және аймақтар арасындағы теңсіздікті азайту жөніндегі басымдықтарды айқындап берді. Жетісу облысында осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды. Өңірде 6 бағыт бойынша 71 іс-шараны қамтитын арнайы жоспар қабылданды. «Өңірлік жаңа мамандықтар атласы» әзірленіп, 11 колледжде 14 жаңа мамандық ашылды. Дуальды оқыту жүйесі белсенді дамуда: 3 мыңнан астам студент кәсіпорындарда тәжірибеден өтуде. Талдықорғанда заманауи «Zhetysu Skills» орталығының құрылысы басталды.
Мектеп инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Панфилов ауданында 1200 орындық жаңа мектеп ашылды, ал биыл Алакөл ауданында 600 орындық мектеп пайдалануға берілмек. 100-ден астам мектеп «Әлеуметтік әмиян» жүйесіне қосылып, балалардың тамақтануын бақылау мүмкіндігі артты.
Спорт та маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Соңғы үш жылда облыста 32 спорт нысаны салынды. Тұрғындардың 42 пайызы тұрақты түрде спортпен айналысады. Өңірдің 200-ден астам спортшысы ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп, мемлекеттік қолдау алуда.
Қабылданған шаралар еңбек адамының мәртебесін көтеруге, сұранысқа ие кадрларды даярлауға және Жетісу халқының өмір сапасын арттыруға ықпал етуде.
