Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап өткендей, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект – уақытша үрдіс немесе қосымша құрал емес, мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі бағыты болып табылады. Бұл вектор биліктің тиімділігін арттырып қана қоймай, оның ашықтығын және азаматтарға бағдарлануын қамтамасыз етеді. Жетісу облысы бұл міндетті басымдық ретінде қарастырып, бүгінде нақты нәтижелер көрсетіп отыр.
Өңірде цифрландыру басқарудың жаңа моделінің берік іргетасына айналды. Бүгінгі таңда тұрғындардың 98%-дан астамы мемлекеттік қызметтерді электрондық форматта алады. Мұндай тәсіл өтініштерді қарау мерзімін қысқартуға, бюрократиялық кедергілерді азайтуға және сервистерді барынша қолжетімді етуге мүмкіндік берді. Аталған міндеттер i-Jetisu және SmartGeoHub жобалары арқылы іске асырылуда. Сонымен қатар, облыста 58 кейсті қамтитын жаңа Ситуациялық орталық іске қосылды. Ол басқарушылық процестерді нақты уақыт режимінде бақылауды және объективті талдауды қамтамасыз етеді.
Жасанды интеллект те өңір өміріне белсенді енгізілуде. Талдықорған мен Текелі қалаларында бет-бейнені тану функциясы бар 87 интеллектуалды камера орнатылды, автомобиль жолдарына 220 камера, ал Алакөл жағалауына тағы 30 камера қойылды. Денсаулық сақтау жүйесіне 16 медициналық ұйым қосылған PACS телерадиологиялық жүйесі енгізілді. Алдағы уақытта инсультті диагностикалау кезінде компьютерлік томография деректерін автоматты түрде талдауға арналған CerebraAI жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бұл шұғыл жағдайларда медициналық көмектің сапасын арттырып, шешім қабылдау уақытын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Цифрлық шешімдер әлеуметтік салада да қолданылуда. Талдықорғанда 16 мемлекеттік және 50 жеке балабақша қосылған E-Zhetisu QR жүйесі енгізілді. Бұл бастама жалған бару деректерін анықтауға, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жобаны бүкіл облысқа кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, «Әлеуметтік әмиян» жобасына 91 мыңнан астам оқушы білім алатын 100 мектеп қосылған.
Жетісу облысында цифрлық инфрақұрылым белсенді дамуда. Өңірдегі барлық 315 мектеп интернетке қосылды: 204-і – оптикалық-талшықты байланыс желілері арқылы, 43-і – Starlink жүйесін пайдалану арқылы, 68-і – радиокөпірлер арқылы. Бұл қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюға және әрбір оқушыға тең мүмкіндік беруге жол ашты. Жалпы, облыстағы 356 елді мекеннің 340-ы интернетке қосылған. Қалған 16 ауыл 2027 жылға дейін «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында қамтылады. Қазіргі таңда Талдықорғанда 42 базалық 5G байланыс станциясы жұмыс істеп тұр.
Жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Өңірлік «Jetisu Digital» IT-Hub ашылған сәттен бастап 2 мыңнан астам адам білім алып, 124 іс-шара өткізілді. Мұнда бағдарламалау, жасанды интеллект және басқа да сұранысқа ие бағыттар бойынша курстар, хакатондар мен акселерациялық бағдарламалар ұйымдастырылады. 2025 жылы 100-ден астам іс-шара өткізу жоспарланып, олардың 64-і қазірдің өзінде жүзеге асырылды.
Цифрландыру азаматтар мен билік арасындағы кері байланысты да нығайтуда. 2025 жылдың басынан бері бірыңғай «Қызмет 109» орталығы шамамен 10 мың өтініш қабылдады. Алдағы уақытта қоғамдық қауіпсіздік саласына жасанды интеллект енгізу көзделіп отыр. Жоба аясында 5 200-ден астам жаңа бейнабақылау камерасы орнатылып, мемлекеттік-жекешелік әріптестік форматы бойынша қолданыстағы 800 камера бірыңғай жүйеге біріктіріледі.
