«ТастобеАгроФуд» ЖШС сүт өндіру бойынша Жетісу облысындағы ірі кәсіпорындардың бірі. Кәсіпорын басшысы Шыңғыс Ахметов өзі басшылық ететін еңбек ұжымымен референдум күні дауыс беру учаскесіне келіп, қызметкерлер өз таңдауын жасауына мүмкіндік берді.
Жоғары сапалы сүт өнімін өндіретін, экологиялық тазалығы және төмен құнымен ерекшеленген серіктестікте бүгінгі күні 40-қа жуық адам еңбек етеді. Кәсіпорында заманауи сауу жабдықтары пайдаланылып, сүтті терең салқындату, ауылшаруашылық жануарларына арналған жоғары сапалы жемшөп өсіру мен жинаудың озық технологиясын қолданылады.
«Осыдан 15 жыл бұрын іргесін қалап, құнарлы да құйқалы топыраққа жүгері егіп бастаған «ТастөбеАгроФуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бүгінгі күні аудан ғана емес, облыс жұртшылығының игілігі үшін қызмет етуде. Біз де еліміздегі маңызды науқаннан қалыс қалмай, өз дауысымызды береміз деп шештік. Ұжыммен бірге ұйымдасып дауыс беру учаскесіне келіп отырмыз. Ел келешегі кемел болуы үшін әрбір ел азаматы бүгінгі күні осылай өз таңдауын жасауға асығуы керек деп ойлаймын», — дейді кәсіпорын басшысы Шыңғыс Нұржанұлы.