Бір ғасыр жасаған Нұрғайша Құсайынова да еліміздегі маңызды науқаннан қалыс қалмады. Ауданның ең қарт тұрғынына референдум комиссиясы үйден дауыс беруге мүмкіндік беріп, дауыс беру жәшігін қарт ананың үйіне апарды.
Ғасыр жасаған ел анасы өз таңдауын жасап, аудан тұрғындарын да ел болашағы үшін белсенді дауыс беруге шақырды.
Сондай-ақ, Нұрғайша апа референдумның ел болашағы үшін маңызды қадам екенін тілге тиек етіп, жарқын болашақ үшін әрбір азаматтың дауыс беруі маңызды екенін айтты.
«Біз таңдау жасасақ, болашақ ұрпақтарымыз үшін пайдасы тисе екен дейміз. Ел тізгінін қазіргі жеткіншек қолына алады, ұрпақ сабақтастығын сақтап, өсіп келе жатқан жастарға сенім артып, Қазақстанның жарқын болашағы үшін күш біріктіру керек. Ешкім қалыс қалмасын мұндай маңызды таңдауда», — дейді қарт ана.
Апамыз өз дауысын берген Н.Есеболатов мектебінде орналасқан №7 референдум дауыс беру учаскесінде келушілер қатары белсенді.