
Құрметті жерлестер! Қадірлі Панфилов ауданының тұрғындары!
Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат Ильясов Ерлан Оспанбекұлы сайлаушыларға арнаған сайлауалды бағдарламасын ұсынады. Кандидаттың пікірінше, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса отырып, өркендеуі ең алдымен тұрғындардың тұрмыс сапасымен, қолайлы инфрақұрылыммен және халықтың күнделікті мәселелерінің шешілуімен өлшенеді.
Бағдарламада ауылдардың ішкі және ауыларалық жолдарының сапасы, көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының жағдайы және коммуналдық қызметтердің қолжетімділігі тұрақты назарда болуы қажеттігі атап өтіледі. Әрбір тұрғынның жайлы ортада өмір сүріп, сапалы қызмет алуына мүмкіндігі болуы маңызды. Кандидаттың алға қойған мақсаты – құр уәде беру емес, нақты мәселелердің шешілуіне ықпал ету және ауылдардың дамуы мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолында жүйелі жұмыс жүргізу.
Сайлауалды бағдарлама аясында мына бес негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізу көзделген:
1. Кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту және қаржыны бақылау
Ауылдардың қолданыстағы кәріз-тазарту құрылыстарын қайта жаңғырту жұмыстарын 2027–2028 жылдары жүзеге асыру, олардың қуаттылығын тәулігіне 350 м³-ке жеткізу және жобаға бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін бақылау мәселелері жүйелі түрде көтеріледі.
2. Кәсіпкерлікті қолдау және қаржылық қолжетімділік
Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда микрокредиттеу және лизинг бойынша бірқатар жобаның жүзеге асуына ықпал ету, аудан тұрғындарының мемлекеттік бағдарламалар туралы хабардарлығын арттыру және қаржылық қолдау шараларына қолжетімділігін кеңейту көзделеді.
3. Су ресурстары, суару жүйелері және инженерлік желілер
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы су ресурстарын тиімді пайдалану, суару жүйелерінің жұмысын жақсарту және кәріздік тазарту құрылыстарына (ҚОС) қатысты мәселелердің шешілуіне назар аударып, жоспарланған жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын бақылауға басымдық беріледі.
4. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру және қызмет сапасы
Денсаулық сақтау саласына жұмсалатын мемлекеттік шығындардың үлесін 2026–2030 жылдары арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, халықтың сапалы медициналық қызмет алуына атсалысу жоспарланған.
5. Сарытөбе орта мектебінің құрылысын бақылау
Сарытөбе орта мектебі құрылысының іске асырылу барысын бақылауда ұстап, құрылыс жұмыстарының белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуына, балаларға заманауи әрі қолайлы білім беру жағдайларын жасауға назар аударылады.
Құрметті сайлаушылар!
Ауылдардың өркендеуі мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жолындағы бастамаларды бірлесе жүзеге асыру – ортақ міндет.