Қазақстанда жасанды интеллектінің қарқынды дамуына байланысты электр энергиясына сұраныс артады. Осыған орай елімізде бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылданған. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде өткен AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында мәлімдеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының айтуынша, жасанды интеллектіні кеңінен енгізу есептеу қуатына деген сұранысты арттырып, энергетикалық жүйелерге түсетін жүктемені күшейтеді.
«Халықаралық энергетика агенттігінің болжамы бойынша 2030 жылға қарай әлемдегі деректерді өңдеу орталықтары 950 миллиард киловатт-сағатқа дейін электр қуатын тұтынуы мүмкін. Бұл – 2024 жылғы деңгеймен салыстырғанда екі есе жоғары. Мұндай жағдайда энергетикалық ресурстардың қолжетімділігі, электр желілерінің сенімділігі және оны тиімді қолдану технологиялық бәсекеге қабілетті болудың негізгі алғышарты саналады. Сондықтан Қазақстан бірнеше атом электр станциясын салу туралы стратегиялық шешім қабылдады. Ресеймен серіктестік негізінде салынатын алғашқы «Балқаш» станциясының құрылысында «Росатом» корпорациясы жетекші рөл атқарады», – деді Тоқаев.
Сонымен қатар Президент ғылым және жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың дамуына тоқталды. Оның сөзінше, қазіргі таңда Қазақстанда ресейлік жоғары оқу орындарының тоғыз филиалы жұмыс істейді.
«Қазіргі таңда елімізде ресейлік университеттердің тоғыз филиалы бар. Ресей Президентімен өзара уағдаластығымызға сай ашылып жатқан «Қазақстан – Сириус» мектебінің алар орны ерекше. Бұл жоба білім саласындағы ықпалдастығымыздың келешегіне қызмет етеді. Аталған мектеп талантты балаларды анықтап, олардың қарым-қабілетін шыңдауда ресейлік тәжірибеге сүйенеді. Мамыр айында Астанада білім беру кешенінің құрылысы басталды. Дәл сондай жоба Алматыда да жүзеге асырылуда», – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы озық технологиялардың мүмкіндіктерімен қатар, олардың қауіп-қатеріне де назар аударды. Атап айтқанда, жасанды интеллект цифрлық алаяқтық жасау, жалған ақпарат тарату, дербес деректерді заңсыз пайдалану және азаматтық инфрақұрылымдарға шабуыл ұйымдастыру мақсатында қолданылуы мүмкін екенін атап өтті.
Президенттің пікірінше, ұсынылып отырған бастамалар мемлекеттер арасындағы сенімді нығайтып, жоғары технологиялар саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
«Сөз соңында айтарым, Қазақстан Ресеймен арадағы стратегиялық серіктестік және одақтастық қатынастарды жоғары бағалайды. Кеше мен Қытайда өткен саммиттің қорытындысына және ұлы мемлекеттердің «Үлкен үштігінің» декларациясы қабылдануына байланысты Ресей Президентіне шынайы лебізімді жеткіздім. Геосаяси жағдай күрделі кезеңде Ресейдің осындай статусқа ие мемлекет ретінде мойындалуы – оның көшбасшысы Владимир Владимирович Путиннің еңбегінің нәтижесі. Бұл – айдан анық нәрсе. Оны жоққа шығарамын деп әуре болудың қажеті шамалы», – деп түйіндеді Тоқаев.
Айта кетейік, AI Journey 2026 халықаралық конференциясы 26-28 қараша аралығында Мәскеудегі «Сбер» штаб-пәтерінде өтіп жатыр. Жиында қатысушылар жасанды интеллект шешімдерін тәжірибеге енгізу жолдарын, технологияның экономика мен қоғамға ықпалын, сондай-ақ ғылыми жаңалықтар мен инновациялардың келешегін талқылауда.