
Құрметті жерлестер! Қадірлі Панфилов ауданының тұрғындары!
Мен, Закенов Ерқанат Мұратұлы, Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде өз сайлауалды бағдарламамды сіздердің назарларыңызға ұсынамын. Еңбек жолымды мәдениет және білім саласында бастап, театрда, жастар ұйымдарында, білім беру мекемелері мен аудандық мәдениет саласында қызмет атқардым. Осы тәжірибе маған халықпен етене жұмыс істеудің, қоғамдық бастамаларды қолдаудың және ел мүддесіне адал қызмет етудің маңызын терең ұғындырды.
Менің мақсатым — тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, туған өлкеміздегі өзекті мәселелердің шешілуіне нақты үлес қосу. Халықпен ашық байланыс орнатып, әрбір бастаманың нақты нәтижеге бағытталуына күш саламын.
Аудандық мәслихат депутаты болып сайлансам төмендегі бағыттарда жүйелі жұмыс жүргіземін:
1. Ауылдың дамуы
Ауылдық елді мекендердің тыныс-тіршілігін жақсарту үшін ішкі жолдарды жөндеу, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, көше жарығын ретке келтіру және аумақтарды абаттандыру мәселелерін тиісті деңгейде көтеремін.
2. Жастарды қолдау
Өскелең ұрпаққа жол ашу – өңір болашағының кепілі. Жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуына, өз кәсібін бастауына және ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласуына жан-жақты ықпал етемін.
3. Білім мен мәдениет
Мектептер мен мәдениет ошақтарының дамуына, балалар шығармашылығын өркендетуге және ұлттық құндылықтарымызды кеңінен насихаттауға қолдау көрсетемін.
4. Кәсіпкерлік және жұмыспен қамту
Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы мен табысын арттыруға, сондай-ақ жергілікті жерде шағын бизнесті дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау білдіремін.
5. Әлеуметтік қолдау
Қоғамның қамқорлығын қажет ететін жандар назардан тыс қалмауы тиіс. Қарттар, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың түйткілді мәселелерін үнемі басты назарда ұстаймын.
6. Халықпен ашық байланыс
Тұрғындармен тұрақты кездесулер өткізіп, олардың өтініштерін құзырлы орындарға жеткіземін және атқарылған жұмыстар туралы халық алдында ашық есеп беремін.
Құрметті сайлаушылар!
Халықтың сенімі – үлкен жауапкершілік. Мен үшін ең бастысы – құр уәде емес, нақты әрекет, ашық байланыс және ортақ нәтижеге бағытталған жұмыс. Халық үні – басты назарымда! Бірлік бар жерде – береке бар! Туған жерге қызмет ету – басты міндетім!