Құрметті жерлестер! Қадірлі Панфилов ауданының тұрғындары!Мен, Жұманов Нұрлан Мырзағалиұлы, Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде сіздерге арнаған сайлауалды бағдарламамды ұсынамын. Менің басты мақсатым — өзім сайлауға түскен округтің ғана емес, тұтас аудан жұртшылығының әл-ауқатын арттыруға және өңіріміздің өзекті мәселелерін шешуге нақты іс-шаралар арқылы атсалысу.

Тұрғындардың мүддесін қорғау, халықпен ашық диалог құру және әрбір бастаманы соңына дейін жеткізу – менің жұмысымның негізгі қағидаты.   Аудандық мәслихат депутаты болып сайланған жағдайда, мен төмендегі басым бағыттар бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге күш саламын:  

1. Бірлік пен татулық – басты байлығымыз

Жазиралы Жаркент өңірі – түрлі ұлт пен ұлыстың басын қосқан берекелі мекен. Арамыздағы қаймағы бұзылмаған достық пен өзара сыйластықты, татулық пен келісімді көздің қарашығындай сақтап қалу – менің азаматтық әрі депутаттық парызым.  

2. Ұлт саулығы – болашақ кепілі

Дені сау ұрпақ – еліміздің ертеңі. Сондықтан ана мен бала денсаулығын қорғауға, өскелең ұрпақтың мықты әрі салауатты болып жетілуіне жан-жақты демеу көрсетудің барлық тетіктерін қарастырамын.

3. Аудан брендін дамыту және шаруаларды қолдау

Жаркенттің жүгерісі мен жүзімі – өңіріміздің мақтанышы, ауданымыздың нағыз бренді. Осы дәстүрлі ауыл шаруашылығы саласын одан әрі өркендетуге, өнімдеріміздің сапалы әрі халыққа қолжетімді болуына ықпал етемін. Еңбек етіп жүрген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне барынша қолдау көрсетемін.

4. Мал шаруашылығы және мемлекеттік қолдаудың ашықтығы

Аудандағы мал шаруашылығын дамыту ісін мықтап қолға алып, осы бағытта еңбек ететін кәсіпкерлерге демеу боламын. Ең бастысы – мемлекет тарапынан бөлінетін несиелер мен субсидиялардың шаруаларға әділ әрі мөлдір жетуін қатаң қадағалаймын.

5. Жастарға қолдау – ел ертеңіне салынған инвестиция

Жастардың білімі мен жетістігін бағалай отырып, олардың туған жерде тұрақтап, тұрақты жұмысқа орналасуына және өзекті болып отырған баспана мәселесінің оң шешілуіне ықпал жасаймын.

6. Қайырымдылық пен әлеуметтік жауапкершілік

Қоғамдағы ең әлсіз топтар – күнкөріс деңгейі төмен, әлеуметтік жағдайы нашар отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар назардан тыс қалмауы тиіс. Оларға аудан меценаттарының көмегімен тұрақты түрде қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын боламын.

7. Туризм және туған жер табиғатын қорғау

Біздің ауданның туризм саласын дамытуға әлеуеті зор. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, өңіріміздің табиғат байлықтарын сақтап қалу, флорасы мен фаунасын қорғау мәселелерін тиісті деңгейде көтеріп, шешілуіне атсалысамын.

Құрметті сайлаушылар!

Аталған игі бастамалардың табысты жүзеге асуы сіз бен біздің ортақ еңбегімізге байланысты. Ата-бабаларымыз «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп бекер айтпаған. Егер сіздер маған сенім артып, шын ниеттеріңізбен қолдау көрсетсеңіздер, мойныма үлкен жауапкершілік ала отырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы орындауға және халқыма адал қызмет етуге уәде беремін!

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *