Құрметті жерлестер! Қадірлі аудан тұрғындары!

Мен, Елтаев Ардақ Жүнісақынұлы, Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде өз сайлауалды бағдарламамды сіздердің назарларыңызға ұсынамын. Менің басты мақсатым – Панфилов ауданында дене шынықтыру мен спортты дамытудың жаңа кезеңіне жол ашу, әрбір ауыл тұрғынына, әрбір бала мен жасөспірімге спортпен жүйелі түрде айналысуға тең мүмкіндік қалыптастыру.

Аудандық мәслихат депутаты болып сайланған жағдайда, мен бағдарламамның мына сегіз негізгі басымдығы бойынша жүйелі жұмыс жүргіземін:

1. Балалар мен жасөспірімдер спорты – басты басымдық

Балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау – болашақ ұрпақтың денсаулығына салынған ең маңызды инвестиция. Осы бағытта аудандағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің жұмысын жетілдіру мәселесін көтеріп, спорт секцияларына балаларды қабылдаудың қолжетімді әрі ашық болуына ықпал етемін. Ауылдық елді мекендерде балаларға арналған спорт үйірмелерін көбейтуге бастама көтеріп, спортпен айналысуға ынталы, бірақ материалдық мүмкіндігі шектеулі отбасылардың балаларына қолдау көрсету тетіктерін ұсынамын. Сонымен қатар балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес спорттық дайындық жүйесін жетілдіруге, жас таланттарды анықтау мен спорттық резерв даярлау жүйесін дамытуға қолдау білдіремін.

2. Ауылдық жерлердегі спорттың қолжетімділігін арттыру

Ауыл жастары мен тұрғындарының спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалуы тиіс. Шағын елді мекендерде спорттық үйірмелер мен секциялар желісін кеңейту мәселелерін тиісті деңгейде көтеремін.

3. Спорт мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту

Сапалы жаттығу процесі заманауи жабдықтарды қажет етеді. Ауданның спорт мектептері мен залдарын қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге ықпал етемін.

4. Жаттықтырушылар мен спорт мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсарту

Жеңімпаздарды тәрбиелейтін ұстаз-жаттықтырушылардың еңбегі лайықты бағалануы керек. Спорт мамандарының әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және олардың кәсіби дамуына жағдай жасау бағытында жұмыс істеймін.

5. Бұқаралық спортты дамыту және халық денсаулығын нығайту

Тұрғындар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін бұқаралық спорттық іс-шараларды көбейтуге және барлық жастағы азаматтардың дене шынықтырумен айналысуына қолдау көрсетемін.

6. Аудан спортшыларының республикалық және халықаралық жетістіктерін арттыру

Панфилов ауданының намысын қорғайтын дарынды спортшылардың облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, жоғары нәтижелерге жетуіне жан-жақты демеу көрсетуді қолдаймын.

7. Спорт саласын қаржыландырудың тиімділігі мен ашықтығы

Бюджеттен спорт саласына бөлінетін қаражаттың мақсатты, тиімді және ашық жұмсалуын депутаттық бақылауда ұстаймын.

8. Спорт инфрақұрылымын жаңғырту және жаңа нысандар салу

Қолданыстағы спорт алаңдары мен кешендерді жөндеуден өткізуге, сондай-ақ аудан елді мекендерінде жаңа спорт нысандарының салынуына ықпал етемін.

Құрметті сайлаушылар!

Дені сау ұрпақ – еліміздің берік тірегі. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңызға сүйене отырып, ауданымыздың спортын жаңа белеске көтеру жолында аянбай еңбек етуге дайынмын!

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *