Құрметті жерлестер! Қадірлі Панфилов ауданының тұрғындары!

Мен, Бөлекбай Айдос Рүстембекұлы, Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде өз сайлауалды бағдарламамды сіздерге ұсынамын. Жаркент қаласы — Панфилов ауданының әкімшілік әрі қоғамдық орталығы. Ал ауылдық округтердің дамуы әрбір тұрғынның тұрмыс сапасынан, қауіпсіз ортадан және нақты атқарылған жұмыстан көрінеді.

Жаркент қаласындағы мектептер, емдеу мекемелері, жолдар, көше жарығы, газ желісі және тұрғын үй мәселелері тұрақты назарда болуы тиіс. Әрбір отбасы жайлы әрі қауіпсіз мекенде өмір сүруге лайық. Менің депутаттық жұмысымның негізгі өлшемі – тұрғындардың нақты мәселесін көтеру, Жаркент қаласына жоспарланған нысандардың мерзімін, сапасын және бюджет қаражатының жұмсалуын ашық қадағалау.

Депутат болып сайланған жағдайда, округімізге қарасты тұрғындардың әлеуметтік мәселелерінің шешімін табуына ықпал етемін. Сайлаушылармен үнемі байланыста болып, олардың ұсыныстарын мәслихат сессиясында және тиісті мекемелерге жеткізіп, оның орындалуына тікелей араласамын. Атап айтқанда, мына алты басым бағыт бойынша жүйелі жұмыс істеймін:

1. Бюджет қаражатын тиімді игеру және ашық бақылау

Аудан бюджетінің кіріс мүмкіндіктерін зерделеуге, сондай-ақ мәслихат сессиясы мен тұрақты комиссиялардың жұмысын қадағалауға белсене атсалысамын.

2. Заңдылықтың сақталуы және халық құқығын қорғау

Аудан көлемінде заңдылықтардың мүлтіксіз сақталуын, заңдарда белгіленген мемлекеттік жеңілдіктер мен әлеуметтік көмектердің халыққа заңға сәйкес әрі әділ берілуін қадағалаймын.

3. Әлеуметтік қолдау және мұқтаж жандардың мүддесі

Зейнеткерлер мен ардагерлердің, аналар мен балалардың, мүгедектігі бар азаматтардың, сондай-ақ тұрмысы төмен отбасылардың мұң-мұқтаждарын тиісті орындарға жеткізіп, олардың оң шешімін табуын жүзеге асырамын.

4. Инфрақұрылым мен ауыз су жүйесінің сапасы

Ауданның барлық елді мекендеріндегі инфрақұрылымдардың жұмысын тиімді жақсартуға және ауыз су жүйелеріне қатысты ұсыныстарды құзырлы орындарға жеткіземін. Жүргізілетін құрылыс жұмыстарының сапалы орындалуына ықпал етемін.

5. Жастар спорты, ұлттық ат спорты және тарихи мұра

Елді мекендерде жастардың бұқаралық спортпен шұғылдануына, оның ішінде ұлттық ат спорты ойындарын қолға алып дамытуға, сондай-ақ тарихи-мәдени ескерткіштердің сақталуына септігімді тигіземін.

6. Сапалы білім, ұстаз мәртебесі және балаларға қамқорлық

Білім мен тәрбие беру ісін жақсарту мақсатында мұғалімдердің мәртебесін көтеруге, балалардың мектепке толық тартылуын қамтамасыз етуге және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына жан-жақты қамқорлық жасауға күш саламын.

Құрметті сайлаушылар!

Әрбір отбасының бақуатты өмір сүруі мен туған өлкеміздің өркендеуі жолында ашық, жауапты әрі нәтижелі еңбек етуге дайынмын. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңызға арқа сүйей отырып, ортақ мақсаттарды бірге жүзеге асырамыз деп сенемін!

От admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *