
Құрметті жерлестер! Қадірлі Панфилов ауданының тұрғындары!
Мен, Байтылечов Айдын Жұмағалиұлы, Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде сіздерге арнаған сайлауалды бағдарламамды ұсынамын. «Ынтымақ ырыс көзі» дейді дана халқымыз. Сондықтан ел ішіндегі ынтымақ пен бірлікті сақтай отырып, ауданымыздың экономикасын көтеруге және болашақтағы жақсы өмір үшін бар мүмкіндігімді жұмсауға әрқашан дайынмын. Елімізде жаһандану үдерісі жүріп жатқан кезеңде ұрпағымыздың білікті де білімді, парасатты да пайымды, білгір де биік азамат болып өсуі – ең басты мақсаттарымның бірі.
Сайланған жағдайда бағдарламамның мына сегіз негізгі бағыты бойынша жүйелі еңбек етемін:
1. Ұлтаралық татулық пен тіл, дәстүр дамуы
Егеменді Қазақстанның шаңырағының биік, іргесінің берік болып, гүлденіп, өркендей беруіне бар мүмкіндігімді пайдаланамын. Ол үшін ауданымыздағы барлық ұлттың татулығына, олардың әдет-ғұрыптары мен ана тілдерінің дами беруіне ерекше көңіл бөлемін.
2. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы
Ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының іске асырылуына бар күш-жігеріммен атсалысып, өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуға үлес қосамын.
3. Қоршаған ортаның тазалығы
Қоршаған ортаның таза болуын сақтау – менің маңызды міндеттерімнің бірі. Табиғатты аялау мен тазалықты қамтамасыз ету бағытында нақты іс-шараларға қолдау көрсетемін.
4. Жастардың рухани, мәдени және спорттық дамуы
Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан жастардың рухани және мәдени байлығын арттыруға, спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына жан-жақты мүмкіндіктер жасауға жәрдемдесемін.
5. Мемлекеттік тілді дамыту
Мемлекеттік тіл бағдарламасын дамыту жолында атқарылатын іс-шараларға белсене қатысып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге атсалысамын.
6. Экономикалық заңдылық және ашықтық
Еліміз нарықтық экономикаға өткелі бері заңды тұлғалармен бүркемеленген экономикалық қылмыстар мен заңбұзушылықтар жиі орын ала бастады. Осындай келеңсіз жайлармен ымырасыз күресіп, әділдік пен заңдылықтың сақталуын қолдаймын.
7. Ана мен бала және ауыл тұрғындарының әл-ауқаты
Ана мен баланың, әсіресе аз қамтылған отбасылар мен жасөспірімдердің, сондай-ақ ауыл тұрғындарының денсаулығы мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуды басты назарда ұстаймын.
8. Ұлттық құндылықтар мен мәдени мұра
Ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына және мәдени мұрамыздың халық игілігіне тиімді қолданылуына бағытталған жұмыстар жүргіземін.
Құрметті сайлаушылар!
Ынтымағымыз жарасып, бірлігіміз бекем болса, алға қойған мақсаттарға бірге жетеміз. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңызға арқа сүйей отырып, туған өлкеміздің игілігі жолында адал еңбек етуге дайынмын!