
Құрметті жерлестер! Қадірлі аудан тұрғындары!
Мен, Ашимов Рустам Адилжанұлы, Панфилов аудандық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде өз сайлауалды бағдарламамды сіздерге ұсынамын. Тарихы бай, шекаралас орналасқан еңбекқор Панфилов ауданының әрбір ауылы мен қала көшесінің дамуы – баршамызға ортақ іс. Менің басты ұстанымым – халықтың мұң-мұқтажын мұқият тыңдау, ауылдық округтер мен қала тұрғындарының күнделікті өміріндегі өзекті мәселелерді ашық көтеру және олардың нақты шешілуіне депутаттық өкілеттігім аясында ықпал ету.
Сайланған жағдайда бағдарламамның төрт негізгі бағытта жүйелі жұмыс жүргіземін:
1. Ауыл мектептерінің әлеуеті мен білім сапасы
Ауылдық округтердегі және қаладағы мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселесін тиісті деңгейде көтеремін. Мектептерді заманауи оқу құралдарымен, компьютерлік техникамен, цифрлық ресурстармен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге, шалғай ауыл балаларының сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасауға ықпал етемін. Сонымен қатар мұғалімдердің кәсіби дамуына және олардың қоғамдағы беделін арттыруға бағытталған бастамаларды қолдап, оқушылардың шығармашылық, ғылыми, техникалық және спорттық қабілеттерін дамытуға жағдай жасаймын.
2. Жастарды қолдау, тәрбие және қауіпсіз орта
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған мәдени, спорттық және танымдық жобаларды қолдаймын. Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың, буллингтің және зиянды әдеттердің алдын алу шараларын күшейтуге күш саламын. Жастарды кәсіптік бағдарлауға, еңбекке баулуға, ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлік бастамаларын дамытуға жәрдемдесіп, отбасы құндылықтарын, ұлттық салт-дәстүрлерді және патриоттық тәрбиені насихаттаймын.
3. Әлеуметтік қолдау және қамқорлық
Көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған азаматтарға, жалғызбасты қарттарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға жан-жақты қолдау көрсету мәселесін назарда ұстаймын. Ардагерлер мен зейнеткерлерге құрмет көрсетуге бағытталған әлеуметтік бастамаларға қолдау білдіріп, аудан тұрғындарына арналған әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етемін.
4. Денсаулық сақтау, спорт және салауатты өмір салты
Ауыл және қала тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен дәрігерлік қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселесін көтеремін. Бұқаралық спортты дамытуға, аула мен ауылдардағы спорт алаңдары мен инфрақұрылымын жақсартуға қолдау көрсетіп, жастар мен балалар арасында салауатты өмір салтын насихаттаймын. Сондай-ақ көшелердің жарықтандырылуы, абаттандырылуы және тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы қоғамдық орта қалыптастыруға бағытталған бастамаларды қолдаймын.
Құрметті сайлаушылар!
Білімді ұрпақ тәрбиелеу және дамыған, өркендеген Панфилов ауданын қалыптастыру – бәрімізге ортақ міндет. Сіздердің сенімдеріңіз бен қолдауларыңызға сүйене отырып, туған өлкеміздің игілігі жолында адал еңбек етуге дайынмын!