
Құрметті Текелі қаласының тұрғындары, ардақты жерлестер!
Әлеуметтік сала мен тұрғын үй мәселелерін жүйелі түрде шешуге басымдық беремін. Халықтың әл-ауқатын жақсарту – күн сайын атқарылар нақты жұмыстың нәтижесі. Соңғы үш жылда қалада әлеуметтік осал топтардан 198 отбасы жаңа пәтермен қамтамасыз етілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырып, әрбір отбасының әлеуметтік жағдайын басты назарда ұстаймын.
Тұрғын үймен қамту және қолдау: Жыл соңына дейін Сейфуллин көшесіндегі 60 пәтерлі кредиттік тұрғын үй мен инвесторлардың есебінен салынып жатқан көпқабатты үйлердің уақытылы аяқталып, тұрғындарға сапалы түрде берілуін қатаң депутаттық бақылауға алу. Көпбалалы және жас отбасыларға баспана алу кезегінде қолдау көрсету тетіктерін жетілдіру.
Білім беру саласын дамыту: Рудничный ауылындағы 200 орындық жаңа мектеп құрылысының сапасы мен мерзімін, сондай-ақ №3 орта мектептің сейсмокүшейту жұмыстарының қауіпсіздік талаптарына сай орындалуын қадағалау. Балалардың сапалы білім алуына, қосымша үйірмелер мен спорт секцияларына қатысуына қолайлы жағдай жасау.
Денсаулық сақтау сапасын арттыру: Қалалық ауруханаға жақында алынған заманауи медициналық жабдықтардың (санитарлық көлік, плазмалық стерилизатор және цифрлық рентген аппараты) тұрғындарға үздіксіз әрі тиімді қызмет көрсетуін бақылауда ұстау. Дәрігерлердің әлеуметтік жағдайын көтеріп, жас мамандарды тарту жұмыстарын күшейту.
Салауатты өмір салты және спорт: Қаладағы спорт алаңдарының жұмысын жандандырып, балалар мен жасөспірімдер арасында бұқаралық спортты дамыту турнирлерін тұрақты түрде өткізуге ықпал ету.
Экология және таза қала: «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы аясында қалаішілік аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, қоқыс шығару мәселелерін жүйелі түрде бақылауда ұстау.
Халықпен кері байланыс: Азаматтардың өтініш-шағымдарын жедел қарастырып, әлеуметтік көмекке мұқтаж жандарға заң аясында қолдау көрсету тетіктерін кеңейту, ашық қабылдаулар өткізу.
Қадірлі жерлестер!
Әрбір тұрғынның жайлы өмір сүруі – біздің ортақ мақсатымыз. Сіздердің білдірген сенімдеріңізді ақтап, туған қаламыздың өркендеуі үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын!
Тұрақтылық пен даму үшін өз таңдауларыңызды жасаңыздар!